Жаңалықтар

Қара сөздің қаймағын қалқыған

«Жақсы кітап – жан азығы» дейтін еді кітап көп оқылатын заманда. Бүгінде осы бір қағида секілді қанатты сөз аз айтылатындай. Елдің аңсары қағаздан гөрі «көгілдір шаршыға» көп ауатын болыпты. Әйткенмен, қағазға құндақталған шығарма біржола қаңтарылды деуге әлі ертерек. Әредік көркемдігі келісіп, кемелдігі толысқан шығармаларға кезіккен сайын осындай ойға ұйыйсың. Жанболат Башар – бала кезден балапан қаламын баптап, қара сөздің қаймағын қалқуға бекем дайындықпен келген қаламгер. Мұны бұдан бұрын жарық көрген бес-алты кітабын қалдырмай парақтағанда байқағанбыз. Астанадағы «Профи Медиа» баспасынан жазушының «Қабір үстіндегі зұлмат» атты повесть пен әңгімелер жинағы жеке дүние болып түптеліп шықты. Қазір не көп – кітап көп заман. Оның шыққанына емес, не айтқанына елеңдейсің. Біз де елеңдедік. Осының алдында ғана жарық көрген «Кепиеттен» қандай айырмашылығы барын бағамдау­ға тырыстық.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Кітаптың негізгі ұстынын «Қабір үстіндегі зұлмат» повесть ұстап тұр екен. Қозғайтын мәселесі – өткен ғасырдың оты­­зыншы жылдарындағы қа­зақ­тың тең жартысын қына­дай қыр­ған ашаршылық. Кезінде Кеңес үкіметі жабық ұстаған, қазірде де қайсыбір шенділер шіміркене қарайтын күбірткелі тақырып. Ұлы аштықтың қаламгер туып-өскен Ақтоғай – Балқаш аты­рабындағы ащы мысалы, ауыр ақиқаты. Қазақ үшін өткен ғасыр­дың отызыншы жылдары ең бір зұлмат кезең болғаны белгілі. «Кедейдің өкіметі боламын» деп келген қызыл кеңестің қиғылығы ақ патшаның әуселесінен асып түсті. Жарлыны орташаға, орташаны байға, байды кулакқа теңестірген олар «тап жау­ларын» жою ұранымен бүкіл әулеттің берекесін келтіріп отырған дәулетті адамдарға бүйідей тиді. Ақыл мен парасаты асқан Аймырза да сол кәмпескенің құрбандығы. Малы талауға түсті, бауырындағы ағайын-туыстың берекесі кетті, өзі жер аударылды. Балалары «балшабектің» бұғалығында бұлқынып, үш-төрт немереден бүгінде тоқсанның төбесінде отырған Елхан ғана тірі қалды. Повесттің әңгімешісі де сол оқиғаларды бір кездегі өзінің алты жасар кезімен баяндайтын осы ақсақал. Бұл – бір байдың басындағы ғана емес, бүкіл халықтың басына төнген нәубет еді. Егінді енші етіп көрмеген, малмен ғана жан асыраған қазақта тігерге тұяқ қалмады. Мұндай қорлыққа көнгенше намыс жолында өлейін деп, Тоқырауын көтерілісін бастаған белгілі тұлға, беделді ер – Жабайдың Сәдуақасы бастаған әрекет сәтсіздікке ұшырады. Есіл ерлердің басы есер саясаттың қанжығасында кетті. Повесте осындай қабағат қимыл, қауырт жағдайлар өмірде болған оқиғалардың көркем кестеге түскен дәлдігімен оқыр­манды терең әсерге бөлейді. Қолдан жасалған қастандықтың зардабынан Ақтоғай атырабы мен Қусақ қойнауының аштықтан ісіп-кеуіп індетке ұшыраған халқы тарамыс таспасына ілініп, шөлден көлге қарай шұбырды. Көбінің шұбыруға шамасы да жоқ болатын. Әйтеуір, «өзенге жетсем, өзегім талмас» деген үміт. Балқаш көлімен екі ортадағы безеріп жатқан шөл дала шашылған адам сүйегінің сұрықсыз мекеніне айналған. Аталған жол бойы ғана емес, жер-жердегі қаншама ауыл, әулеттің есігі ашылмай, отырған орнында жан тәсілім еткен. Әйтсе де, өмір үшін жанталас тоқтамаған. Повестің бір ұтымды жері – әлгіндей ауыр сурет, алапат қырғынды оқырманның көңіл-күйінде ғана көрініс беретін арзан тәсіл ретінде қолданбай, адамның жан-дүниесіне табиғи тебіреніс әкеліп, запыран заманның зар күйін дәл жеткізетін тетік ретінде пайдалана білуінде.

Аталған шығармада автор кейіпкер келбетін, оның тағдыр-талайын даралауда мейлінше икемділік танытып, аз сөзге көп мағына сыйғыза білген. Мұнда ұрымтал детальдарды ұтымды пайдалана отырып, мағыналы меңзеулерге бастайтын байыптаулар баршылық. Автор айтар ойын да, ойнатар оқиғасын да жалаңаш ұсынудан аулақ. Мәселен, сәтсіздік салдарынан басына күн туған Тоқырауын көтерілісінің басшысы Сәдуақасты ұстап берген сатқын аңшы Имақай әулетінің тағдыры. Аңшы қызыл қанішердің оғы­нан құрбан болған батырдың түлкі ішігін олжалап әкеліп, шешесінің иғына жабады. Ал, кемер белбеуді ұлы Ескеннің қолына ұстатады. Батырдың қаны жұққан киімнен бойы тіксінген кейуана көп ұза­май ауырып қайтыс болады… Повесть көлемінің шағындығына қарамастан, бірнеше желіні қатар жетелеп отыруымен ерекшеленеді. Сәдуақас, Имақай, Тазабала, Ғайни, Пірәдар, Аймыр­за бастаған кейіпкерлер қатары да қалыңырақ. Барлығы да қызыл импе­рия­ның солақай саясатының тақсіретін тартқан «кішкене» адамдар. Атағы Алашқа жеткен Аймырза бай да айдаудан оралып, сол кішкене адамдардың қатарын толықтырған. Бірақ ұзаққа бармады. Сәл түзеле бастаған заманның жылуы бұйырмай, ол түгілі, әулеттен қалған жалғыз тұяқ – немересі Елханмен де қауыша алмай, аз күнде бұрынғы бас жылқышысы Зияттың қолында ақыретке сапар шеккен. Шетінен өздері кіші, тағдыры үлкен жандар. Автордың тарих алдындағы дәлдікті діттеп, артық бояу, әсіре суретке ұрынбай шынайы толғаған кейіпкерлері. Қорыта келгенде, шешен тіл, шебер толғаумен жазылған бұл повесі өңір тарихындағы тағы бір ақтаңдақтың орнын толтырып, халқымыздың тең жартысын құрбандыққа шалған кезең кесапатын шыншылдықпен айыптаған айғақты дүние дер едік.

Автор сөз болып отырған кітабында бұрынғы жайлауын шиырлай бермей, тың өріс, құнарлы қонысқа бет бұрғандай. Моншақтай тізілген оншақты әңгіме осының дәлелі. Бәрі де осы заманның тыныс-тіршілігін қаузайтын құнарлы дүниелер. «Пері мен періште» әңгімесінде автор көкек анасы ауруханада қалдырып кеткен шарананың ауыр тағдырын суреттей отырып, оқырманға тағылымы мол ой тастайды. «Соғыстан қалған сыз» және «Үрей» атты әңгімелерінде қаламгер махаббат баяндылығын, өмірдің қызығына кейде кездейсоқ жағдайлар да дәнекер болатынын әсерлі суреттейді. Ал «Моншақбай балуан» мен «Әкім құлағанда» ер мінезді, еркек қимылды дала қазақтарының бүгінде жоқ ірі мінездері кесек қырымен көрінеді. Жанболаттың пенде баласының ­алуан түрлі болмыс-бітімін қаз-қалпында бейнелейтін «Мен білетін Әлтай», ­«Сексен бес тиын», «Кісі», т.б. әңгімелерінен жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренуге үндейтін өнеге лебі еседі. Жалпы Жанболат Башар тілге төселген жазушы. Халқымыздың шебер әңгіме­шілік дәстүрін терең игерген ол орайлы ойын өрнекті сөзбен өруге келгенде өзін мейлінше еркін сезінеді. Жаңа кітаптың ойы анық, бояуы қанық болуының да бір сыры осында жатса керек.

Түгел сөздің түбіне келсек, жазушы Жанболат Башар «Қабір үстіндегі зұлмат» кітабына енген шығармалары арқылы шеберлік атты шыңға тағы бір қадам жақындағанын аңғартты. Қаламдас әріптесіміз алдағы уақытта да оқырмандарын құнарлы шы­ғармаларымен қуанта берер деген үміттеміз.

Абзал БӨКЕН,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button