Қарақұдықтан түлеген қайсар жүрек
Айтыскер ақын, ұстаз Айтбай Жұмағұл – 50 жаста
Арқаның қасиетті даласы әр дәуірде елдің жүгін көтерер ерді, сөздің жүгін көтерер ақынды тудырып келеді. Сол текті топырақтан түлеп ұшқан, азаматтығы – елін сүйген ердің жүрегіндей берік, ақындығы – Арқаның жыр дәстүріндей арынды, ұстаздығы – талай жастың тағдырына жол ашқан шамшырақтай жарық, ал, патриоттығы – туған жердің топырағын табанынан тастамайтын перзенттік адалдықпен астасқан адал жүрек иесі – Айтбай Ботпайұлы Жұмағұл. Айтыс сахнасында намысты жырмен қайрап, шәкірттеріне білімді сөзбен аршыған, қай жерде жүрсе де, елдік мүддеге қызмет етуді өзінің өмірлік қағидасына айналдырған Айтбай ақынның жолы – өнердің өріне, азаматтықтың төріне бастар айтулы жол.

«Ақындар туады екен бағына елдің…»
Айтбай Ботпайұлының болмысын үш өлшемге сыйғызып қарауды жөн көрдік. Нақтырақ айтсақ, ол – ақын – ұстаз – азамат. Алайда, ол үшін бәрінің үстінде тұрған бір ғана тұғыр бар – адам болу. «Ақын болу – мүмкін, бірақ адам болу – парыз» деген сөз ақынның өмірлік философиясы.
Айтбай Ботпайұлы үшін айтыс – қазақтың ғасырлар бойғы рухани жадын сақтаған тірі өнер. Ол айтыс өнерінің тамырын Махмұд Қашқаридың «Қыс пен жаздың айтысына», Қожа Ахмет Ясауидің «Жұмақ пен тозақ» айтысына дейін апара отырып, «Өмірдің өзі – тартыс, ал айтыс – оның көркем формасы» деп есептейді. Айтыстың өміршеңдігі – тыңдарман мен ортада десек, «Өнерді өлтірмейтін – оны тыңдайтын халық» деген ұстанымды берік ұстанады.
Киелі қара домбыра, қасиетті сөз, ұлттық киім, ән мен күй – бәрі бір арнаға тоғысатын айтыстың синкретті табиғатын ол ерте жастан терең түсінген. «Айтыс – халықтың ауызша тарихы, аудиокітабы» деген пікірді алға тарта отырып, айтыстың тәрбиелік, елдік мәнін жоғары қояды.
Айтбай ақынның өнер жолы бала күннен басталған. Қой соңында жүріп «Бес ғасыр жырлайды» жинағын жаттап, ауылдағы өнерлі ортада сөзге сусындаған жасөспірім Айтбай өнерге адалдықты үлкендерден сіңіріп өсті.
Нағашысы – елге белгілі Қара Мұқыш сері, ал, әкесі Ботпай ақсақал «Орталық Қазақстан» газетінің штаттан тыс тілшісі болса, ол қалайша өнерге құштар болмасын?!
– Ақындық – Алладан берілетін қасиет, ал ізденіс – оның жемісі. Өлеңге құр селқостықпен қарамай, күнделікті оқу, жаттау, ізденіс өмірлік қағидам. Бүгінгі айтыстың мәні – өнер әрі тәрбие. Ақынның басты мақсаты – елге өнеге болар сөз қалдыру. Пайғамбар хадисіндегі «Жақсы сөз сөйле немесе үндеме» қағидасын айтыста да, өмірде де ұстанамын. Жеңіс – басты мақсат емес, абырой – ең биік өлшем. Қате сөйлеу – қасірет, – дейді Айтбай ақын.
Айтбай ақынның өлеңіндегі ерекшелік – халықтық ұғымдардың кеңдігі, ұлттық болмыстың табиғи берілуі. Оның ешқашан жасандылыққа ұрынбай, өмірден көргенін, халықтан алғанын қорытып, шынайы сөзбен жеткізетіні арқасында еңсесінің қашан да биік тұратынын айрықша атап айтқан жөн.
Мерейтойы қарсаңында жарыққа шығып жатқан «Арқа айтысының айбозы» атты жаңа жинағы – Айтбай ақынның айтыс өнеріндегі ұзақ жылдық еңбегін жинақтап көрсететін маңызы зор кітап. Онда қазақ айтысының дүлдүлдері Оразалы Досбосынов, Ақмарал Леубаева, Арман Бердалин, Айбек Қалиев, Балғынбек Имашев, Мұхтар Ниязов, Бекарыс Шойбеков және қырғыздың белгілі айтыскерлері Баян Ахматов, Мамбат Тохталар секілді дүлдүлдермен сөз қағыстары топтастырылған. Осы айтыстардың әрқайсысынан ақынның туа біткен азаматтығы мен алғырлығы анық көрінеді.
«Ұстаздық еткен жалықпас…»
Айтыс сахнасынан бөлек, Айтбай Ботпайұлы – тәжірибелі ұстаз, академик Е.Бөкетов атындағы Ұлттық зерттеу университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты. Ұстаздық жолын Әлихан Бөкейхан атындағы мектепте бастаған ол жуырда ғана іргелі оқу орнының ректоры Нұрлан Дулатбековтің қолынан «Қауымдастырылған профессор» атағын алды. Бұл – Айтбай Ботпайұлының шәкірт тәрбиелеудегі және өзі сүйген филология ғылымы саласына қосқан сүбелі үлесінің жемісі.
– Өнер кәсіп емес, ал ұстаздық – өмірлік байлығым деп санаймын. Мен үшін студентке дәріс оқу – жауапкершілік пен үлкен дайындықты қажет ететін қасиетті іс. Студенттерге әдебиетті өмір оқулығы ретінде танытып, кітап оқудың маңызын үнемі ескертіп отырамын. Кітап – көпір. Көпір болмаған жерде білімге жол жоқ, – деп есептейді ол.
Бұдан бөлек, мектеп оқушыларын да білімге, өнерге баулып, талай жас өреннің жолын ашқаны елге мәлім. Нақтырақ айтсақ, Айтбай Ботпайұлы жетекшілік ететін «Арқа» айтыс ақындары мен жыршы-термешілер мектебінің құрылғанына да 20 жылдан асқан. Игі істің бастамашысы ретінде Арқа өңіріндегі жас ақындардың қалыптасуына да елеулі үлес қосып келеді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұлттық өнердің үлкен жүректі жанашыры Рымбала Омарбекованың қолдауымен ашылған бұл мектеп бүгінде республикалық деңгейде танылған кәсіби орталыққа айналды. Мектеп түлектері – «Айтыстың ақтаңгері» атанған Дидар Қамиев бастаған Нұрмұхаммед Байсүгіров, Еркеғали Бекболат, Доскей Айтбайұлы, Бекарыс Оспанов сынды айтыс саңлақтары – бүгінде республикалық және халықаралық айтыстарда топ жарып жүр.
Сондай-ақ, Айтбай ақын бастаған кеншілер өлкесінің құрама командасының республикалық командалық айтыста 20 команданың ішінен бірінші орын алуы – Қарағандыдағы айтыс мектебінің кәсіби деңгейін дәлелдеген жетістік.
«Азамат болу – парызың…»
Айтбай ақынның ел алдындағы тағы бір ерен еңбегі – оның азаматтығы, ұйымдастырушылық қабілеті. Сапар Ибкеев сынды Атымтай азаматтар да Айтбай ақынның үнемі қасынан табылады. Өйткені, ол – елге пайдалы іске ғана бастамашы болатын патриот. Бұл киелі топырақта, өнген-өскен текті әулетте туып, Алланың ақ жолымен жүріп, қашанда ар биігінде тұрып, елдің, жердің ертеңіне алаңдайтын арда болмыс, мәрт мінезділігінен болса керек.
Айтбай Ботпайұлы – Бұқар жырау оқуларын дәстүрлі өткізіп, мектептерде жырау атындағы арнайы сыныптардың ашылуына мұрындық болған азамат. Талай жасты қазақылыққа, ұлттық тәрбиеге баулып келе жатқан рухани көшбасшы десек, артық айтқандық емес. «Қазақ әдебиетін дәуірлеу тарихы» монографиясы, «Қазақ әдебиеті тарихының зерттелуі (1968-1984)», «Бұқар жырау даналығы», «Арқа батырлары», «Жұмабек Тәшенов» секілді елге аса қажетті жинақтарды құрастырып, ұлтқа қызмет ететін құнды мұраны насихаттап жүр. «Бұлақ көрсең – көзін аш» деген аталы сөздің шынайы үлгісін көрсетіп жүргені көз қуантады.
– Айтекең – жалпы қазақ руханиятының алдындағы адалдығын ісімен дәлелдеп жүрген жаны жомарт жан. Ол кісінің бір ерекшелігі – үнемі елге жақсылық жасап, жастардың жанашыры болып жүретіні. Айтбай ағаның бастамасымен ұлы қайраткер Жұмабек Тәшенов атындағы жүлденің алғашқы иегері атанып, «Сынық айна» атты тұңғыш жыр жинағымның жарық көруі мен үшін үлкен жаңалық болды. Осы бастама кейін тұрақты үрдіске айналып, оннан астам қарағандылық жас ақынның тырнақалды кітабы жарық көрді. Бүгінде олардың барлығы дерлік өз жолын тауып, республикаға танылған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды. Мұның бәрі – ақылшы әрі жанашырымыз Айтбай Ботпайұлының жастарға жасаған қамқорлығының нәтижесі, – дейді ақын, «Арқа ақшамы» газетінің жауапты хатшысы Ерболат Қуатбек.
Айтбай ақынның әрдайым жарқырап жүруіне, қажырлы еңбегіне демеу болып жүрген – сүйікті жары Қарашаш жеңгей. Оның өткізген талай айтыстары мен іс-шараларында қонақтарды үйінде күтіп алып, жылы жүзін үзбеген ақжарқын жеңгейге ел де риза. Бүгінде олар – төрт ұл өсіріп, екі немеренің қызығын көріп отырған бақытты отбасы.
– 1992 жылы Ғабиден Мұстафиннің 90 жылдығына арналған республикалық айтысқа Асхат Әли екеуміз алып барғанбыз. Сол кезде-ақ, аңқылдаған ақ жүрегі, өнерге адалдығы, мәдениеттілігі мен қарапайым болмысы бірден көзге түскен еді. Уақыт өте келе аралас-құралас болып, қуанышты да, қайғылы сәттерді де бірге өткеріп, Айтбай мен үшін тумаса да туғандай болған бауырыма айналды. Өнерге шын берілген, елге шын жанашыр азамат дәл Айтбайдай болады, – дейді мəдениет майталманы Мүгүлсім Шибаева.
Яғни, ол – «Ұялмай топырағында жату үшін – тіріңде туған жерге құрмет көрсет» деген сөзін өмірінің бұлжымас қағидасына айналдырған ақын.
Арқа жұрты «Елім!» деп еңіреп еңбек етіп жүрген ерінің мерейтойын дүбірлетіп тойлап жатса, ол – Айтбайдың ел алдындағы еңбегінің шынайы бағаланғаны.
Елу жас – жігіт жасының жампоз шағы. Бұл белес – оның әлі талай маңызды істің басы-қасында жүретінін, айтыс сахнасында да, руханият әлемінде де өз орнын нықтай беретінін аңғартады. Оның өнері, мектебі, тәрбиелеген шәкірттері – болашаққа қалдырған аманаты.
Ендеше, ердің жасы елуге арындап жетіп, алпысқа қарай желкен керген Айтбай ақынға шау тартпас шабыт пен сарқылмас сабыр, күш-қуат тіледік…
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



