Бас тақырыпТеміртау

Қара қар “жауған” қала

Теміртаулықтар үшін қардың түсі табиғи ақ емес қара болуы – үйреншікті жағдай. Аспаннан ақ қар жауады, жерге түскен соң қара түске боялады. Бұл мәселенің биік мінберлерден көтерілгеніне де көп болды. Тек, былтырдың өзінде осыған қатысты қаншама жиын өтіп, экологиялық мазмұндағы баяндамалар ұсынылды, алып кәсіпорынның жұмысы қатаң сыналды. Бірақ, одан оңалып кеткен ештеңе жоқ. Теміртаулық бүлдіршіндер әлі күнге дейін қара қардан аққала соғып, ойнап жүр…

Суретті түсірген автор

Биылғы экологиялық жағдай 31 қаңтар күні тіркелді. Сол күні түс ауа қала көшелерінде үйілген қардың түсі сұрланып, өзгере бастаған еді. Ал, кешкі уақытта қаладағы қардың бәрі тұтасымен қап-қара болып шыға келді. Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желіде қара қардың суретімен бөлісіп, «Қара қар қайтып келді» деп жазуда.

Тұрғындарды алаңдатқан мәселеге Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевте назар аударып, өзінің Твиттердегі парақшасында жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізілетінін хабарлады.

– Теміртаулықтар қаладағы қара қар туралы хабарлауда. Экология департаменті қаладағы табиғатты пайдаланушылардың мәліметтерін және кәсіпорындардың қолайсыз ауа райы кезінде қоршаған ортаға тигізетін зиянды азайту шараларын орындауын тексереді. Тексеріс қорытындылары қосымша жарияланады, – деді министр.

Осы мәселе бойынша облыстық экология департаментіне хабарласқан едік. Олар қаладағы ахуал бойынша департаменттің зертханалық-сараптамалық бақылау бөлімінің мамандары «Қазгидромет» РМК облыстық филиалы өкілдерімен бірге санитарлық қауіпсіздік аймағында жедел тексеру жұмыстары жүргізілгенін хабарлады. Енді қаладағы табиғатты пайдаланушылардың қоршаған ортаға тигізетін зиянды азайту шараларын қаншалықты орындап жатқаны тексерілмек. Осы тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданады.

Айта кету керек, құрыш қалада қардың қара түске боялу оқиғасы ең алғаш 2018 жылы тіркелген еді. Тұрғындар шағымынан соң облыстық экология департаментінің мамандары «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да кезектен тыс тексеру жұмыстарын жүргізіп, ауаға көп мөлшерде зиянды қалдықтар шығарылғанын анықтады. Компания 600 млн.теңге көлемінде айыппұл төледі.

Осыдан соң қаланың экологиясын сауықтыру бағытында кешенді жұмыстар қолға алынған болатын. Мәселен, былтыр Парламент Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің көшпелі отырысы өтті. Жиында комитет төрағасы Глеб Щегельский «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын сынап, табиғатқа зияны аз жаңа технология қолдануға көшу керектігін айтқан болатын. Ал, компанияның сол кездегі атқарушы директоры Вадим Басин зауыт мұржаларына шаңтозаң мен зиянды қалдықтардың атмосфераға шығарылуына тосқауыл болатын сүзгілер орнатылғанын жеткізген. Кейін облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Теміртау қаласының алдағы жылдарға арналған іс-қимыл жоспары талқыланған жиында компания басшылығына наразылық білдіріп, қабылданған шараларға қарамастан, қала экологиясында оң өзгеріс жоғын жеткізді. Бұдан басқа да көптеген жиындар өтіп, экология мәселесі дүркіндүркін көтеріліп отырды. Кәсіпорынға ауаға шығарылатын зиянды қалдықтар мөлшерін азайту және қоршаған ортаны қалпына келтіру міндеттемелері жүктелді. Осыдан соң өндірісті өлкенің тынысы кеңейіп, ауасы тазарар деп топшылаған едік. Бірақ, соңғы қара қар бәрін жоққа шығарып кетті…

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button