Бас тақырып

Қарағандының жеңіске қосқан үлесі

Ұлы Отан соғысы туралы айтқанда, ел жадында тек майдандағы шайқастар ғана емес, бүкіл халықтың жанкешті еңбегі мен қажырлы күресі жаңғыруы тиіс. Жеңіс – тек қарумен емес, сеніммен, төзіммен, күн-түн демей атқарылған еңбекпен келген. Мәскеуден Берлинге дейінгі 1815 шақырымды қамтыған 1418 күн ішінде опат болған 20 миллион адамның әрбірінің Жеңіске қосқан үлесі – баға жетпес. Бүгінгі ұрпақ Жеңіс күнін тек әскери жеңіс ретінде ғана емес, халықтың ортақ ерлігі ретінде де бағалауы керек. Сол қиын кезеңде тылда еңбек еткен бала да, ана да, ақсақал да Жеңісті жақындатуға күш салды.
Қарағанды жұртының сол жылдардағы еңбегі – ерен үлгі. Қорғаныс қорына жиналған 52 миллион сом қаражаттың нәтижесінде «Шахтеры Караганды», «Комсомолец Караганды», «Железнодорожник Караганды» танкі колонналары, «Комсомолец Казахстана» сүңгуір қайығы, «Женщины Караганды» әуезвеносы мен «Нұркен Әбдіров» ұшағы жасалды. Бұл – қарапайым еңбек адамдарынан құралған өңір халқының рухын, отансүйгіштік сезімін айғақтайтын тарихи факт. Мұндай жанқиярлық пен бірлікке толы кезеңдер сирек кездеседі. Сол ұлы буын отансүйгіштіктің биік өлшемін көрсетіп кетті. Алайда, осы күнге дейін Қарағанды еңбеккерлерінің тылдағы ерліктері толыққанды зерттеліп, ғылыми тұрғыда зерделенді ме? Бұл – ашық күйінде тұрған өзекті мәселе.
Біз нені ұмыт қалдырдық? Тарихты ұмытпау – болашаққа аманат. Сол аманатқа адал болу – бүгінгі ұрпақтың басты парызы.

Коллажды жасаған Айбек РАХЫМЖАН

Халық күші – болат қорғаны

Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Бас автобронетанкі басқармасы ұсынған деректерге сүйенсек, Ұлы Отан соғысы жылдары Кеңес Одағы азаматтары өз еркімен Қорғаныс қорына шамамен 6 миллиард сом қаражат жинаған. Бұл қаржыға 30 522 танк құрастырылып, майдан шебіне жөнелтілген. Демек, соғыс даласында қолданылған әр үшінші танк халық қаражатына жасалған деген сөз.

Сол кезеңде бір ғана «Т-34» танкінің құны 1941 жылы – 269,5 мың, ал 1942 жылы – 193 мың сом болған. Мұндай ауқымды қаржыны толықтай мемлекет өзі көтере алмады, сондықтан, техникаға қажет қаражаттың бір бөлігін халық өз мойнына алды.

Қарағандылықтардың бұл іске қосқан үлесі – елдік пен бірліктің жарқын үлгісі. «Қарағанды шахтерлері» танк колоннасы дәл осы өңірдегі шахтерлердің қаражатына жасақталды. Бұл бастама 1942 жылдың 23 қарашасында №12, 18, 20 және Калинин атындағы шахталардың кеншілері мен Киров ауданының әйелдерінен бастау алған. Тек бес сағат ішінде 28 тонна көмір өндіріліп, алғашқы қаржы жинала бастайды. Колонна қорына арнайы есепшотты Калинин шахтасының бастығы Р. Ибраев­тың отбасы ашады. 1943 жылдың көктеміне дейін «Қарағанды шахтерлері» қорына 2 миллион сом тапсырылған.

Осы үлгіні жалғастырған жастар 1944 жылы «Қарағанды комсомолы» танк колоннасын жасақтау бастамасын көтереді. №44-45 және №33-34 шахталарындағы жас кеншілер жұмыстан тыс уақытта 96 мың тонна көмір өндіріп, қорға 600 мың сом аударады.

Ал «Қарағанды теміржолшысы» танк колоннасына өңірдің теміржолшылары 40 миллион сом­нан астам қаражат жинап береді. Бұл мәліметтер «Танковый фронт – 1939-1945» деректер базасында да нақты көрсетілген.

Жиналған танкілер майдан даласына өз атауларымен жөнелтіліп, жауға қарсы шайқастарға қатысқан. Өкінішке қарай, дәл сол техникалардың майдандағы нақты ерліктері мен жекелеген жетістіктері туралы толық дерек бүгінгі күнге дейін толыққанды анықтала қойған жоқ.

Алайда, бұл – Қарағанды еңбеккерлерінің соғыс жылдарындағы жанкешті еңбегінің, отаншыл рухының жарқын айғағы. Мұндай тарихи шындық ұрпақ жадында жаңғырып тұруы тиіс.

Қарағандыдан – сүңгуір қайыққа дейін

Ұлы Отан соғысы жылдары Қарағанды халқы жауынгерлерге көмек көрсету мақсатында жан-жақты қолдау көрсеткені белгілі. Солардың бірі – сүңгуір қайық жасауға жиналған 230 мың сом көлеміндегі қаржы. Бұл бастама алғашында Оңтүстік Қазақстан жастарының қолдауымен көтеріліп, кейін қарағандылықтар кеңінен қолдаған. Нәтижесінде сүңгуір қайық «Қазақстан комсомолы» деген атауға ие болады.

Тарихи деректерге сүйенсек, бұл қайықтың бір бөлігі бүгінде Кронштадт қаласында ескерткіш ретінде орнатылған. Экспозиция­да тұрған сүңгуір «С-156» атауымен белгілі. Дегенмен, оның дәл сол Қарағанды қаржысына жасалған қайық екеніне қатысты түрлі пікірлер айтылып жүр. Соған қарамастан, «Комсомолец Казахстана» деген жазудың сақталғаны – бұл тарихи байланысты жоққа шығаруға болмайтынын дәлелдейді.

Бұл – Қарағанды жұртының тылдағы ерен еңбегі мен отансүйгіштігінің тағы бір дәлелі.

Қарағандылықтардың әуе эскадрильясы

Ұлы Отан соғысы жылдары майдандағы әскери техниканы «атаулы» ету тәжірибесі кеңінен тарады. Мұндай бөлімшелер мен техника халықтың ерікті қаржысы арқылы жасақталып, оларды қаржыландырған өңірдің немесе ұжымның атымен аталатын. Алайда, Ресейдің ашық архивтеріндегі деректерде талай «именные» авиаэскадрилья көрсетілгенімен, Қарағандының атымен аталатын эскадрилья тіркелмеген. Бұл – ғылыми зерттеуді қажет ететін маңызды тақырып.

Соғыс жылдарында Қарағанды еңбекшілері ұшақтар мен әскери ұжымдарды қолдауға белсене қатысқан. Солардың бірі – «Нұркен Әбдіров» атындағы истребительдер әуе эскадрильясы. Бұл эскадрилья Қарағанды қаласындағы жұмысшылардың және Осоавиахим ұйымы мүшелерінің бастамасымен жасақталды. Қаржылық көмекті алғаш болып марқұм ұшқыштың ата-анасы – Әбдір мен Бағжан Әбдіровтер және інісі Сәрсен Әбдіров көрсеткен. Ізінше шахта кеншілері де бір күндік жалақыларын осы игі іске аударды.

1944 жылдың қыркүйегінде Қарағанды Осоавиахим ұйымының атынан Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті төрағасына телеграмма жолданып, эскадрилья құрылысына 444 492 сом ақшалай қаражат, 85 000 сом көлемінде мемлекеттік облигациялар тапсырылғаны хабарланған.

Аталған әуе эскадрилья соғыс­тың шешуші кезеңінде әуе шайқастарының күшейген уақытында майданға қатысқан. Қазіргі таңда бұл бөлімнің нақты ұрыс жолы мен жетістіктері жөнінде архивтік деректер толық зерттелмей отыр.

Кенші әйелдердің санитарлық ұшақтары

Ұлы Отан соғысы жылдары тек майдан шебінде ғана емес, тылда да жанкешті еңбек өрбіді. Солардың бірі – Қарағандының кенші әйелдері. Олар жаралы жауынгерлерге көмек көрсету мақсатында ай сайын бір күндік жалақыларын Қорғаныс қорына аударып, жалпы көлемі 185 мың сом жинаған. Бұл қаражатқа үш санитарлық ұшақ – «С-2» маркалы әуе көлігі сатып алынады.

Бұл санитарлық ұшақтар ауыр жаралы жауынгерлерді ұрыс даласынан тікелей госпитальге жеткізуге арналған. Алайда, сол кезеңде «С-2» және «С-4» модельдері ғана қолжетімді болғандықтан, олардың мүмкіндігі шектеулі еді – әр ұшақта небары екі адамға ғана орын болған.

Қарағандылық әйелдердің жинаған қаржысына алынған бұл ұшақтардың нақты майдан жолы жөнінде бүгінгі күнге дейін нақты дерек сақталмаған. Дегенмен, олардың адам өмірін құтқару жолында қызмет еткені сөзсіз.

Айта кетерлігі, 1943 жылы ұшақ құрастырушы Щербаковтың бастамасымен жаралы тасымалына арналған тоғыз орындық «Ще-2» санитарлық ұшағы жасалғанымен, Қарағанды көмегімен алынған алғашқы «С-2» үлгілері ел тарихында алғашқы санитарлық әуе қолдауы ретінде қалды.

Майдан даласынан тыс ерлік

Ұлы Отан соғысы жылдары тек майдандағы ерлік емес, тылдағы жанашырлық пен қайырымдылық та жеңісті жақындатты. Қарағанды өңірінің әйелдері соғыс салдарынан жетім қалған балаларға жан-жақты қолдау көрсетті.
Қарағандының патриот әйелдерінің атынан Чистяково қаласындағы балалар үйінің құрылысына 1 307 000 сом, ал, Минск қаласындағы балалар үйіне 395 000 сом қаржы аударылған. Бұған қоса, Втевск қаласындағы балалар үйі қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Осакаров ауданының әйелдері де бұл игі іске белсенді атсалысты: елдегі балалар үйлеріне азықтүлік, киім-кешек, 68 496 сом көлемінде қаржы, сондай-ақ, ата-анасы соғыста қаза тапқан балаларға пионер лагерьлеріне тегін жолдамалар жіберген.

Жалпы алғанда, соғыс жылдары қарағандылықтар майданға 94 вагон азықтүлік, 37 мың қысқы тон, 24 мың пима, 10 мың құлақшын жөнелткен.

Бұл – Қарағанды халқының майдангерлерге ғана емес, тылда қалған балалар мен бейбіт тұрғындарға да қамқорлықпен қарағанының дәлелі. Ел басына күн туған шақта көрсетілген мұндай жанашырлық – нағыз отансүйгіштік пен азаматтық парыздың көрінісі.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button