Қарағандының өркендеу бағдары
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке және облыс әкімдеріне бірінші басымдық қатарында ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті бір ізге түсіру қажеттігін тапсырды. Мұның мәнісі бар. Себебі, тұтас халықтың тыныс-тіршілігі түптеп келгенде, нарықтық қарым-қатынастың сауаттылығына кеп тіреледі. Аталған міндет таудан үлкен, тастан ауыр іс емес, әсілі. Таппермеде тариф текетіресі экономикалық көзқарасы қалыпты бұқараны титықтатпас үшін қажетті тетігін табу – өміршең меже.
Шағын бизнеске қолдау зор
– Қазір нақты секторға несие әлі де ойдағыдай берілмей жатқанын ашық айтуымыз керек. Шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Бұл жағдай еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп отыр. Үкімет пен Ұлттық Банк бірлесіп, осыған қатысты оңтайлы шешімдер ойластыруы керек. Банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында экономикалық өсім мәселесі – бас тақырып. Өйткені, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету – өркендеу өзегі. Мемлекет басшысының жаңа бастамаларын орындау үшін Қарағанды облысы бірнеше бағытта жұмысты күшейтпек.
Өңір бүгінде өндірісімен ғана емес, іскерлік қарымымен де танылып тұр. Аймақтағы әрбір екінші-үшінші тұрғын жеке ісіне көңіл бөледі. Бұл бағыт күн өткен сайын мәнді бола түсері айдан ашық ақиқат. Осы орайда облыс экономикасын дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау назардан тыс қалмақ емес. Әлбетте, ол үшін Президент сөз еткен Жолдаудың басты міндетінің бірі – нақты секторға несие беруді жандандыру. Жоғарыда Президент несиеге қолжетімділіктің төмендігі экономиканың тұрақтылығына кедергі келтіріп жатқанын атап өтті. Облыс бизнеске арналған қаржыландыруды арттыру арқылы іскерлік белсенділікті қолдау жолында жүйелі жұмыс істеп келеді. Нәтиже жоқ емес, бар. Осы жылдың алғашқы тоғыз айында шағын және орта бизнеске 1,5 трлн теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20% жоғары. Облыс бойынша 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Аталған көрсеткіш өңірдің экономикалық тұрақтылығын, іскерлікті дамытуға бағытталған бірлескен амалдардың нәтижелі екенін айғақтайды.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев логистиканы өңірдің экономикалық өсімінің негізгі бағыттарының бірі ретінде атады. Қарағандыда Teez маркетплейсі жұмысын бастады. Қойма терминалдың ашылуы өңірдегі электронды сауданың дамуын едәуір жеделдеткен. Платформаның қуаттылығы – жылына 27 миллион тапсырыс. Яғни, шағын және орта кәсіпорындардың іскерлік белсенділігін ынталандырады.
– Қарағанды – тек көмір және болат шығаратын алып өндіріс ошағы деген стереотип қалыптасқан еді бұған дейін. Бірақ, соңғы 10 жылда экономика құрылымы жаңаланып, өзгерді. Бүгінде қазыналы Қарағанды – сауда мен қызмет көрсету саласының жоғары үлесі бар үлкен орталық, агломерацияның негізіне айналып үлгерген. Облысымызда екі адамның бірі кәсіпкерлік саласында, – деді өңір басшысы.
Салық реформасы кәсіпкерді ынталандырады
«Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады. Сондықтан, осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуге тиіс. Банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек. Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл – өте орынды ұстаным. Цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету және банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызды. Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек. Қазір қолданып жүрген заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған. Ол кезде заман да мүлде басқа болды» делінген Жолдауда.
Мемлекет басшысы Жолдауында банктердің экономикалық дамуындағы рөліне баса назар аударып, дивидендтер бойынша салық мөлшерін әділ белгілеуді тапсырды. Өңір өмірінде салық реформалары белсенді жүзеге асырылуда. Аймақтық шағын және орта бизнестен түсетін салықтардың жергілікті бюджетте қалдырылуы өз деңгейінде бюджеттік дербестікті арттырды.
– Біз елімізде алғашқылардың бірі болып, бөлшек салықты 2% дейін төмендеттік. Нәтижесінде жеке кәсіпкерлердің, салық төлеушілердің саны 16 есеге өсіп, 2,5 мыңға жетті. Осы жылдың 8 айында шағын және орта бизнестің салықтық түсімдері 16% өсті, – деп толықтырды аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.
Кәсіпкерліктің дамуына мемлекеттік қолдау да орасан септігін тигізуде. Облыс әкімі бір мысал ретінде «Іңкәр 1» металл өңдеу кәсіпорнын келтірді. Мемлекеттің көмегі арқасында ол бес жұмыс орнын 115-ке дейін көбейте алған. Есесіне шағын және орта бизнестен түсетін салық түсімін 15% ұлғайған. Осы жылы жергілікті бюджетке шамамен 80 млрд теңге кіріс түсті, бұл аймақтық жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік берді. Жаңа салық кодексін әзірлеу барысындағы шаралар да экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған.
Қаржы тұрақтылығы және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға келсек, Президент Жолдауында бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатқанына назар аударды. Облыста бұл мәселені шешу үшін бюджет қаражатын үнемдеу және стратегиялық маңызы жоқ жобаларға шығындалмау саясаты қолға алынған. Мәселен, биыл облыстық бюджеттің шығыс бөлігінде 10% қысқарту жоспарланған. Үнемделген қаражат әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға бағытталып отыр. Оның ішінде, мектептер мен ауруханалар құрылысы да бар. Иә, осылайша Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын жүзеге асыру Қарағанды облысының экономикалық және әлеуметтік дамуына оң әсерін тигізді. Өңір басшылығы Президент тапсырмаларын орындауға белсенді түрде кірісіп, көптеген оң нәтижелерге қол жеткізді. Алдағы уақытта Салық кодексін жаңарту, бюджеттік дербестікті күшейту және көлеңкелі экономиканы төмендету бойынша жұмыстар жалғасатын болады.
Қарағандының экономикасы 13,1% өсті
– Ашығын айтуымыз керек, бізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатыр. Бұл – бұрынғы және қазіргі Үкімет жұмысындағы үлкен олқылық. Мұндай жағдай жиі қайталанса, түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейді. Сондықтан, оған жол бермеу қажет. Бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, оның шығыс бөлігін шектеп, қатаң бақылауда ұстаған жөн. Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесіп, осы мәселеге қатысты нақты шаралар қабылдауға тиіс. Мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден-бір жолы – көрпеге қарай көсілу. Сондықтан, бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керек, – деді Президент.
Қарағанды облысында экономиканың барлық салаларында өсім қамтамасыз етілді. Өнеркәсіптік кәсіпорындар 9 айда 3 триллион (2 853,6 млрд) теңгеге жуық өнім өндірді. Облыстың дамуы туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев айтып берді. Өнеркәсіпте, құрылыста, ауыл шаруашылығында, ішкі саудада айтарлықтай жоғарғы көрсеткіштер байқалады. Бизнестің іскерлік белсенділігі де артып келеді. Шағын және орта бизнес саласында бүгінде 231 677 адам жұмыспен қамтылған, бұл облыстың барлық жұмыспен қамтылған халқының 42,4%-ын құрайды. Жаңа жұмыс орындары құрылуда. Экономиканың өсу қарқыны (қысқа мерзімді экономикалық индикатор) 13,1% құрады.
Қарағанды облысы қазіргі уақытта елдегі ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі болып отыр. Әкім Ермағанбет Бөлекпаевтың жетекшілігімен қол жеткен жоғары көрсеткіштер облыстың тұрақты өсуі мен халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін негіз болуда. Өнеркәсіптен ауыл шаруашылығына дейінгі барлық салаларда өсім қамтамасыз етіліп, 9 айда 3 триллион теңгеге жуық өнім өндірілді. Шағын және орта бизнестің дамуы және жаңа жұмыс орындарының құрылуы халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттырып, өңірлік экономиканың серпінділігін көрсетті. Экономикалық өсімнің 13,1% жетуі – Қарағандының тек аймақтық ғана емес, бүкіл республикалық дамуға қосқан үлесін айғақтайды.
Президент атап өткендей, мемлекеттік қаржыны тиімді жұмсап, шығыстарды қатаң бақылау – ұлттық экономиканың тұрақтылығын сақтаудың маңызды шарттары. Осылайша, Қарағанды облысы алдағы уақытта да тұрақты даму жолынан таймай, аймақтық және республикалық деңгейде экономикалық өсім мен халықтың тұрмысын жақсарту бағытында жаңа жетістіктерге жетуге бағытталып отыр.
Фискалды белес
– Салық режимдерін кәсіпкерлерге жасалған қолайлы жағдайдың нашарлап кетпеуін ескере отырып, оңтайландырған жөн. Бөлшек салықтың енгізілуін мысал ретінде айтуға болады. Осы нормаға сенім артқан кәсіпкерлер қызметін ашық жүргізе бастады, кәсіптерін бөлшектеуді азайтты. Алайда, бұл режим негізінен халықпен тікелей жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қатысты болуға тиіс. Тұтынушыларға арналған қызметтер мен сауда-саттықтың мүмкіндіктері толық пайдаланылса, экономиканы дамыту, салық түсімдерін арттыру және халықты жұмыспен қамту шаралары тезірек нәтиже береді. Фискалды реформа табысты болсын десек, салықтық әкімшілендіру ісін жаппай цифрландыру керек, – деді Президент.
Қарағанды облысында бизнес ортаның және жергілікті халықтың бұл бастаманы қызу қолдауы байқалады. Аймақта кәсіпкерлікті қолдау, экономикалық өсімді жеделдету, салықтық әкімшілендіруді цифрландыру сияқты шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Облыс әкімшілігі де өз тарапынан салықтық жүйені оңтайландыру үшін бірнеше маңызды қадамдар қабылдады.
Соңғы жылдары Қарағанды облысы салық саясаты бойынша бизнестің қолайлы жағдайлар жасалуына ерекше көңіл бөлді. Мәселен, бөлшек салықты енгізу арқылы облыстағы кәсіпкерлер саны айтарлықтай өсті. Бұл норма кәсіпкерлерді көлеңкеден шығуға ынталандырып, бизнесті ашық жүргізуге негіз қалады. Қарағандылық кәсіпкер, жиһаз өндіруші Әсел Жексенбаева бұл өзгерістердің маңыздылығын атап өтеді.
Бөлшек салықтың арқасында біз шығындарды төмендетіп, бәсекелестікке төтеп беру мүмкіндігіне ие болдық. Енді жоспарларымызды ұзақ мерзімге құруға сенімдіміз. Алайда, Президент айтқандай, бөлшек салық режимін негізінен халықпен тікелей жұмыс істейтін кәсіпорындар үшін қолдану керек. Бұл бағытта Қарағанды облысы тұрмыстық қызмет көрсету саласы, сауда, қоғамдық тамақтану орындары сияқты қызметтерді дамытуға басымдық береді, – дейді Әсел.
Президенттің фискалды әкімшілендіруді цифрландыру ұсынысы Қарағандыда қызу қолдау тапты. Жергілікті әкімдік бұл қадамды көлеңкелі экономика деңгейін азайту үшін маңызды құрал деп санайды. Қазірдің өзінде облыстағы кәсіпкерлер өздерінің салық міндеттемелерін электронды түрде орындай бастады, бұл адал бәсекелестік пен айқындықты арттырады.
Қарағандылық кәсіпкер, аймақтағы ірі көлік компаниясының басшысы Ерлан Сыздықов салықтық есептерді цифрлық форматта өткізу шараларының сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтатынын айтады. Цифрлық жүйелер адал жұмыс істеуге ынталандырады. Қолма-қол ақша айналымының азаюы кәсіпкерлердің салықтық есепті ашық жүргізуіне көмектеседі деп санайды кәсіпкер.
Фискалды жүйедегі әділеттілік пен салықтық мөлшерлемелерді дифференциациялау бағытында Президенттің жеке табыс салығын кіріс деңгейіне қарай дифференциациялау туралы ұсынысы Қарағанды тұрғындары арасында да қолдау тапты. Бұл өзгеріс қарапайым халықтың салық жүктемесін азайтып, жоғары табысы бар азаматтарға әділетті жүктеме салуға бағытталады.
Әркім өзінің нақты мүмкіндігіне қарай салық төлесе, бұл әділетті шешім болар еді. Салық саласындағы жазалау тәсілінен бас тарту бастамасы да кәсіпкерлер арасында оң пікір қалыптастырды. Бұл шара бизнесті мәжбүрлеусіз ынталандыруға көмектеседі. Кәсіпкерлердің пікірінше, қарыз сомасы белгілі бір шектен асып кетсе де, бизнеске зиян келтірмей, бөліп төлеуге мүмкіндік беру шағын бизнес үшін аса маңызды қолдау болмақ, – дейді шағын дүкен иесі Маржан Сұлтанова.
– Экономикалық өсім тек салық түсімдерін арттырып қана қоймай, халықты жұмыспен қамту деңгейін де көтереді. Біз бұл көрсеткішті тұрақты ұстап, алдағы уақытта да аймақ экономикасын одан әрі дамытуға күш саламыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Облыс басшылығы көлеңкелі экономикамен күрес жүргізуді жалғастырып, барлық кедендік бақылау бекеттерінде бақылауды күшейтуді жоспарлап отыр. Шекаралық кеден бекеттерінде заңсыз тауар айналымын болдырмау және түсімдерді бақылауда ұстау аймақтың қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шаралар. Бұл ретте цифрлық технологиялардың маңыздылығы тағы да атап көрсетілуде.
Қарағанды облысы Президент Жолдауында ұсынылған фискалды реформаларды тиімді жүзеге асыру арқылы аймақтық және республикалық экономиканың дамуына үлес қосуда. Бюджеттік тұрақтылықты нығайту, салықтық әкімшілендіруді цифрландыру және әділетті салық саясатын ұстану облыстағы бизнес ортаның өсіп-өркендеуіне ықпал етеді. Қарағанды кәсіпкерлері мен қарапайым тұрғындары жаңа Салық кодексінің әділеттілігі мен ашықтығына сенім білдіріп, бұл реформалардың елдің тұрақты дамуына үлес қосатынын күтіп отыр.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz