Қарағандының экологиялық ахуалын жақсартуға арналған Жол картасы әзірленеді
Қарағандыда ауа, су, топырақ және жасыл желектердің жағдайын қамтитын екі жылдық кешенді экологиялық зерттеу басталады. Жоба аясында қала бойынша жүздеген датчик орнатылып, маусымдық талдау жүргізіліп, онлайн-мониторинг жүйесі іске қосылады. Нәтижесінде өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған нақты әрі ғылыми негізделген шаралар әзірленбек.

Жоба облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа таныстырылды. Өңір басшысы экология мәселесімен жүйелі түрде айналысу қажет екенін атап өтті.
– Баршаңызға белгілі, жаңа Конституцияда экологиялық қауіпсіздік бекітілген. Біз бұл мәселемен түбегейлі айналысуымыз керек. Бұл халықтың денсаулығы мен өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов экологиялық жағдайды жақсартуға арналған кешенді жоспарды әзірлеу «Экосервис-С» компаниясын тарту арқылы басталғанын хабарлады. Оның айтуынша, зерттеу екі жылға созылады және осы кезеңде аралық нәтижелер де ұсынылып отырады.

– Мәселелі тұстар бар – техногендік жүктеменің жоғары деңгейі, кәсіпорындардың шығарындылары, энергетикада және жеке секторда көмірдің пайдаланылуы. Біз әр бағыт бойынша деректер алып, міндеттер қойып, оларды жедел шешетін боламыз. Бір жылдың ішінде-ақ оң өзгерістердің динамикасын көреміз, – деді қала әкімі.

«Экосервис-С» ЖШС басшысы Ғалым Беркінбаев жобаның техникалық бөлігін таныстырды. Оның айтуынша, компанияда барлық қажетті құрал-жабдық бар: жылжымалы зертханалар, мониторинг станциялары және арнайы бағдарламалар. Жүзден астам маман жұмыс істейді.

– Жалпы ластануда әрбір көздің нақты үлесін анықтау қажет. Біз қала бойынша автоматтандырылған станцияларды, сондай-ақ шамамен 200–250 датчик орнатуды жоспарлап отырмыз. Жылжымалы зертханалар арқылы ауаға кешенді талдау жүргізіледі, ал деректер онлайн режимде ситуациялық орталыққа түсіп отырады, – деді Ғалым Беркінбаев. – Ақпаратты меңгерген адам стратегиялық шешім қабылдай алады. Сіздер нақты жағдайды онлайн режимде көре аласыздар.

Ол зерттеу тек қоршаған орта мен жасыл желектерді ғана емес, сонымен қатар экологияның адам денсаулығына әсерін де қамтитыны атап өтті.
Облыс әкімі жобаны іске асырудың Жол картасын әзірлеуді, практикалық жұмыстарды бастауды және нәтижелер туралы кезең-кезеңімен баяндап отыруды тапсырды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



