Бас тақырып

«Қарағандыны бірге тұрғызамыз!»

90 жылдық тарихы бар Қарағандыда көмір – бүгінге дейін қаланың өнеркәсіптік маркасы. Соған қарамастан, шикізат бағытынан ұқсату кәсіпорындарына бет бұрған қала өнеркәсіптік көрсеткіштер бойынша бүгінде республикада жетекші орын алады. Өңдеуші өнеркәсіптерді дамыту мақсатында отандық инвесторлармен қатар, шетелдік инвесторларға да басымдық берілетінін айту керек. Мәселен, өткен жылы 147 млрд. теңгеге 11 жаңа өндіріс іске қосылса, оның үшеуі – шетелдіктердің қатысуымен. Нәтижесінде қала экономикасы жанданып, шағын және орта бизнес нығайып келеді. Қала көшелерін абаттандыруда да үлкен жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары Қарағанды жаңа нысандармен көркейіп, құрылыс бойынша республикада бесінші орынға шықты.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

1934 жылғы 10 ақпанда «Қарағанды көмір бассейнін пайдалану жөніндегі мемлекеттік трест құрылысының аумағында пайда болған елді мекен» Қарағанды қаласы болып қайта құрылғанда Ескі қала, Майқұдық, Тихоновка, Жаңа Тихоновка, Компанейск, Михайловка, Федоровка, Узенка сияқты шашыраңқы орналасқан жұмысшы ауылдардан ғана тұрғанын көрсетеді тарих. Ал, үлкен құрылыс КСРО Халық комиссарлар кеңесінің 1936 жылғы 3 тамыздағы қаулысымен Қарағанды облыс орталығына айналғанда басталды. Қаланың Мәскеу­дегі «Мособлпроект» институтының жобалаушылары – сәулетшілер А.Кузнецов, А.Карнаухов, О.Кепне және П.Шумский әзірлеген бас жоспары 1938 жылы бекіді. Ал, 1939 жылы Қарағандыдағы Жаңа қаланың жоспары қарастырылып, бекітілген болатын.

Сол кезде, қойнауы көмірге толы Қарағандының бас жоспарында кемшіліктер болды. Атап айт­қанда, Жаңа қаланың құрылысы үшін таңдалған ауданда кемі 500 метр тереңдікте көмір қоры болды.

Сәулетшілер қағаз бетінде қала жоспарын сызып жатқанда, Қарағанды құрылысы Бұқпа өзенінің солтүстік-шығыс жағалауында қарқынды жүріп жатты. Небары 5-6 жыл ішінде кең көшелері, жасыл алаңдары, көпқабатты үйлері, мектептері, қонақ үйлері, дүкендері, ауруханалары, моншалары, әкімшілік ғимараттары бар жаңа қала бой көтерді. Жол төсеу, тротуар салу, көшелерді жарықтандыру, көгалдандыру, кәріз, су құбыры және басқа да қаланы абаттандыру шараларына көп көңіл бөлінді. Сол кездегі қалақұраушы негізгі кәсіпорын – «Қарағандыкөмір» тресі.

Партияның «Қарағандыны бүкіл Қазақстанмен, бүкіл Кеңес Одағымен бірге тұрғызамыз!» деген ұранына орай Мәскеуден, Ленинградтан, Донбасстан және басқа да өңірлерден Қарағандыға жоғары білікті инженерлер мен жұмысшы кадрлар, ғалымдар, педагогтар, медицина және мәдени қызметкерлер ағылды.

1934 жылдың басында Қарағандыда 100 мыңнан астам адам тұрады. Жаңа қаланың қарқын алған құрылысына қажетті кірпішпен Федоровкадағы кірпіш зауыты қамтамасыз етті. Сол кезде жылына 20 миллион кірпіш шығарған зауыт 2005 жылдың сәуіріне дейін жұмыс істегенін айту керек.

Осы жылы 41 көппәтерлі тұрғын үйдің жедел құрылысы басталды. Құрылысшылар 8 сағаттық жұмыс күнінде жоспардағы 10 620 кірпіш орнына 25300 кірпіш қалап, керемет көрсеткішке жетті.

Ал, 1934 жылғы 7 қарашада «Союзстроитель» 42 тұрғын үй мен тәулігіне 15 мың адамды түскі аспен қамтамасыз ететін зауыт-асхананы пайдалануға берді.

Осылайша жылдар бойы өркен жайған Қарағанды бүгінде жарты миллионнан астам халық тұратын әсем қалаға айналған.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button