Қарағанды

Қарағандының білімдегі биігі

Қарағандыда ең алғашқы балабақша 1927 жылы ашылды. Оған 49 бала қабылданды. Екі қазақ мектебі құрылды. Оның алғашқысы – Ж.Жабаев атындағы №7 мектеп-интернаты, екіншісі – Н.Нұрмақов атындағы мектеп-интернат. Құрылғанына 80 жыл толатын Арқадағы алғашқы қара шаңырақ Н.Нұрмақов атындағы облыстық мектеп-интернаты – Қарағандымен қатар қарыштап дамып келеді. Қаланың іргетасын қалаған білікті мамандардың көбі – осы мектептің шәкірттері болатын.

Кеше…

Қаламызбен бірге жа­­сасып келе жатқан білім ордасы алғашқыда үлкен Михайловкада барак типтес ғимаратта бастауыш қазақ-орыс мектебі болып құрылады. Сол уақытта қала – бір қабатты үйлер мен жұмысшы барактарынан тұрған. Көп қабатты үйлер аз еді. 1934 жылы қа­ланың индустриялық жағдайымен танысуға саяси қайраткер С.Киров келеді. Сол жы­лы Ленин көшесіндегі №10 үйде салынып жатқан мектептің жаңа ғимаратының алғашқы кірпішін қалауға қа­тысады. Бұл үйді «Қа­ра­­ғандыКөміртресі» екі қабатты етіп кір­піш­тен салып, 1935 жылғы оқу жылында тапсырады. Осы мектепке үлкен Михайловкадағы қазақ-орыс мектебі көшіріліп, С.Киров атындағы №4 мектеп деп аталады.

Ленин аудандық халық депутат­тары кеңесінің 1959 жылғы 11 мамырдағы шешімі бойынша мектептер құрамы бекітіліп, №2 мектеп қайтадан №2 мектеп-интернат болып құрылады. 400 балалық мектеп-интернатқа же­тім балалар, көп балалы от­басы балалары және ауыл шаруа­шылығындағы еңбеккерлердің ба­лалары қазақ тілінде оқытылатын болып бекітіліп, орыс сыныптары №1, №3 мектептерге жіберіледі. Сөйтіп, қала тұрғындары балаларын осы мектепте ана тілінде оқытуды бастаған. 1946-1947 оқу жылдары мектеп 10-сыныпты бітірген алғашқы 11 қарлығашын ұшырады. Жылдар өте 1985 жылы мектепке көрнекті қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовтың есімі беріледі.

Бүгін…

Бүгінгі таңда Нығмет Нұрмақов атындағы мектеп-интернатта 392 оқушы білім алады. ҚР Білім және ғы­лым министрлігінің 07.08.2007 жылы №387 бұйрығы негізінде мектеп үш тілде білім беру жүйесіне енді. Елбасының «Тілдердің үш­тұғырлылығы» саясаты негізінде республикада үш тілде оқыту бағдар­ламасымен оқытып жатқан дарынды балаларға арналған 33 мектептің қатарында. Мектептің биылғы ҰБТ бойынша орташа балы – 103. Бүгінгі таңда 60-тан астам ұстаз оқушыларға үш тілде білім береді.

Білікті басшы Есентай Әшімов басқаратын мектепте математика, биология, география және фи­зика пәндері ағылшын тілінде жүреді. Пән кабинеттері заманауи үлгіде жабдықталған. Мектеп дарын­ды шәкірт­терінің арқасында Мәс­кеу, Түркиядағы Меликшах универ­ситетімен, В.Даль атындағы Қырым ҰУ Евпаториялық бөлімімен, Грузия Жазушылар одағының мүшелерімен байланыс орнатқан.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button