Қарағандының Бас жоспары таныстырылды
Қарағанды өсудің «ықшам» моделіне – «өз ішінде» өсуге бет алды. Қоғамдық тыңдауларда қаланың жаңа Бас жоспары таныстырылды.

Экологиялық тепе-теңдікке ерекше көңіл бөлінеді. Бас жоспар қазірдің өзінде игерілген аумақтарды дамытуды және қаланың бейберекет «таралуынан» бас тартуды көздейді. Негізгі идея – біркелкі өмір сүру сапасын қамтамасыз ете отырып, қала ішіндегі аумақтардың бірегейлігін сақтау.
– Біз үш есептемелік сценарий жүргіздік және «қолданыстағы бар мүмкіндік аясында шоғырланған даму – ең перспективті және тұрақты деген қорытындыға келдік, – деп түсіндірді «Биосфера Қазақстан» жобалық компаниясының басшысы Валентин Жирков.
Бірінші сценарий бойынша дамудың оңтүстік бағытына, ал үшінші сценарий бойынша Солтүстікке (Теміртауға қарай) басымдық берілгенін айта кеткен жөн. Сарапшылардың пікірінше, Орталық (ықшам) даму бағыты қаланың қолданыстағы шекарасынан шықпай, оңтүстік бағытта аумақтық дамудың неғұрлым қалыпты нұсқасы болып табылады. Бұл нұсқа Пришахтинск ауданын, одан солтүстік-шығысқа қарайтын аумақтарды да дамытуды көздейді.
Қаланың одан әрі ең ұтымды дамуы оңтүстік-шығыс бағытта (Көгілдір тоғандар ауданы және одан әрі қала шегінде шығысқа қарай) болып табылады. Бұл, бірінші кезекте, көмірі жоқ және экологиялық таза аумақтар. Оларды игеру қаланың ықшамдылығын арттырады (Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс тұрғын аудандарын қосу арқылы), демек, инженерлік-көліктік байланыстардың қашықтығын қысқартады.
Айта кететіні, бұрын атап өткендей, жаңа құжат жаңа өсу орындарымен бірге тұрғын аудандарды, әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындарды салуды да міндеттейді. Мәселен, Оңтүстік-Шығыста медициналық және университеттік кластерлерді дамыту жоспарлануда.