Облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXVIII сессиясы өңір үшін маңызды шешімдерге толы болды. Облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов бастаған депутаттар мен атқарушы билік өкілдері халық игілігіне бағытталған 17 өзекті мәселені талқылап, нақты шешімдер қабылдады. Атап айтқанда, 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет нақтыланып, бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер кеңейтілді. Комиссиялар құрамы жаңарып, басқарушылық құрылымдар күшейтілді.

Үнемделген қаражат қайда жұмсалады?
Мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қаралған маңызды мәселенің бірі 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджетті нақтылау болды. Облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов бюджет өзгерістерінің кең көлемде талқыланып, тиісті органдармен жан-жақты пысықталғанын атап өтті.
Экономиканың нақты секторына бөлінген қаражат бюджет нақтылануының өзегіне айналды. Жалпы бөлінген қаражаттың 90,5%-ы маңызды бағыттарға бағытталды.
Атап айтсақ, су, жылу және газбен жабдықтау жүйелерінің құрылысы мен жаңғыртылуы, әлеуметтік сала, тұрғын үй құрылысы және оған қатысты инфрақұрылымды дамыту.
Сонымен қатар, өндірістік бизнес пен кәсіпкерлікті қолдау, агроөнеркәсіп кешені, әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалы және ветеринария саласындағы іс-шараларды қаржыландыру жалғасуда.
Бюджет нақтылау шеңберінде әлеуметтік блокқа жалпы облыс бюджетінің 4,2% пайызына тең қосымша қаржы бөлінді. Бұл қаражат білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт және ішкі саясат салаларындағы нысандарды жыл соңына дейін ұстауға, осы мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және жөндеу жұмыстарына бағытталады.
Ал, 2,8% шығындар ішкі істер органдары мен төтенше жағдайлар департаментін қолдауға бөлінді.
Сессияда айтылғандай, бюджетті нақтылау барысында Үкімет Қаулысына сәйкес қаражатты оңтайландыру жүзеге асырылып, бұл шара өңір деңгейінде резервтер қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Бюджетті нақтылаудың басты бағыттары
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Дулат Ашкенов бюджетті нақтылауға негіз болған қаржы көздеріне тоқталды.
– Олар – кіріс бөлігіндегі жоспарлық көрсеткіштердің өзгеруі, мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару арқылы алынған қарыздар, бұрын бөлінген несиелердің мерзімінен бұрын қайтарылуы, кейбір бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің шығыстарының қысқаруы. Нақтылау нәтижесінде бөлінуге жататын қаражаттың жалпы көлемінен 74%-ы экономиканың нақты секторын дамытуға бағытталмақ, – деді басқарма басшысы.
Дерекке сүйенсек, бөлінген қаражаттың арқасында өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға бағытталған келесі маңызды жобалар жүзеге асады. Нақтырақ айтсақ, Абай, Қарқаралы және Осакаров аудандарында су құбыры желілерінің құрылысы аяқталады. Абай ауданындағы ет комбинатына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, сондай-ақ, Теміртау мен Саран қалаларындағы көпқабатты үйлерге қажетті инженерлік желілер тартылмақ. Сонымен бірге, Шахтинск ЖЭО-сына отын сатып алу жүргізіліп, Саран және Абай өңіріндегі газ тарату желілерінің жобалық-сметалық құжаттамасы қайта қаралады.
Әлеуметтік маңызды бағыттар бойынша ауданаралық жолаушылар тасымалын субсидиялау жалғасып, Саран қаласындағы «Optim Tech» кәсіпорнына апаратын жолдың құрылысы басталады, Сарандағы индустриалды аймаққа апаратын автожол жобасына сметалық құжат дайындалады.
Ауыл шаруашылығы мен ветеринария саласында Нұра ауданында мал өлекселерін көметін арнайы орын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, ветеринариялық профилактикалық шаралар жүргізіледі.
Нақтылау жобасында әлеуметтік саланы қолдауға – 747,3 млн теңге (11,3%) бөлініп отыр.
Сонымен қатар, 500 млн теңге ішкі істер органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй жәрдемақысын төлеуге және ТЖД ғимаратын жөндеуге бөлінеді.
Үкіметтің шілдедегі Қаулысына сәйкес, Қарағанды облысына қатысты субвенцияны қысқарту көлемі 17,4 млрд теңгеге дейін төмендетілді. Осыған орай, қосымша 3,9 млрд теңге қайта бөлініп, ол бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің ішкі резервтерінен, өңірлердегі бюджеттік оптимизациядан және жылдың соңына дейінгі бюджет кірістерінің асыра орындалуынан алынбақ.
Сондай-ақ, мемлекеттік басқару саласындағы ашықтық пен тиімділікті арттыру мақсатында облыстық және өңірлік комиссиялар құрамына өзгерістер енгізілді.
Тұрақты даму мен қоғамдық сенім
Сессияда қабылданған шешімдер алдағы уақытта облыстың тыныс-тіршілігін оң бағытқа жетелейді деп күтілуде. Экономика, денсаулық сақтау, білім, қауіпсіздік және кәсіпкерлік салаларындағы жаңартулар аймақтың даму қарқынын арттырып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді.
– Бүгін қаралған әрбір мәселе – аймақтың әлеуметтік, экономикалық және құқықтық дамуына тікелей әсер ететін маңызды тетіктер. Біздің басты міндетіміз – облыс тұрғындарының өмір сапасын арттыру, қауіпсіздік пен әділдікті қамтамасыз ету. Бұл жолда барлық деңгейдегі мемлекеттік құрылымдар бірлесіп жұмыс істеуге дайын, – деді Нұркен Кобжанов.
Облыстық мәслихаттың 2021 жылғы 25 ақпандағы №34 шешіміне енгізілген өзгерістер аясында ауыр әрі сирек кездесетін дерттерге шалдыққан азаматтарға қосымша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тегін беріледі. Бұл өзгеріс – халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсетуді күшейтіп, оларға өмір сүру сапасын арттыруға зор мүмкіндік береді.
Мәслихат сессиясында қабылданған бұл шешім – азаматтардың денсаулығын сақтау жолындағы нақты қадам ғана емес, мемлекеттік саясаттың адам капиталына деген жоғары назарын көрсететін маңызды құжат.
Сессияда қабылданған барлық шешімдер депутаттық корпустың бақылауында болады.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»