Жаңалықтар

«Қарағандының қарышты қадамы – құрылысшының қолында!»

Ол – әр істі соңына дейін жеткізуді өмірлік ұстанымына айналдырған жан. «Қай істі қолға алсам да, оны кемеліне жеткізбей тынбаймын» деген сөзі – құрылысшы, «Аспап» құрылыс компания­сының басшысы Төлеген Әшімовтің бүкіл еңбек жолының айнасы іспеттес. Құрылыс саласындағы ең алғашқы еңбек күндеріндегі әсер, қиын сәттерде рухын көтерген құндылықтар мен бүгінде жастарға айтар кеңесі – барлығы да сұхбат барысында шынайы әрі терең әңгімеленеді. Қымбатты оқырман, құрылысшы қауымының кәсіби мерекесі қарсаңында осы бір сырлы сұхбатты оқи отырып, сіз де табандылықтың, адал еңбектің және ішкі тәртіптің қандай биікке жеткізетінін тереңірек біле түсесіз деген игі ниеттеміз. Оқыңыз, ой түйіңіз, шабыт алыңыз! Мархаббат!

– Қадірменді Төлеген Мұқатайұлы, алғашқы еңбек күндеріңізді есіңізге алғанда, сізге ең көп күш пен сенім берген не нәрсе еді? Қиын сәттерде алға жетелеген басты құндылықтарыңыз қандай болды?

– Сауалыңызға рақмет! Мен қарапайым, бірақ еңбекті арманға айналдыра білген отбасында дүниеге келдім. Еңбек жолым 1975 жылы басталды. Тағдырымның ең қызықты парақтарының бірі – екінші санатты бетоншыдан бастап, ірі құрылыс компаниясының басшылық деңгейіне дейін сатылап көтерілуім деп білемін. Бұл – тек кәсіби өсудің ғана емес, адами кемелденудің де жолы болды. Әрбір саналы жан өз-өзіне бір сәт есеп беріп, істеген ісіне сын көзбен қарауы керек деп есептеймін. Сол әдет менің өмірлік серігіме айналды. Қай істі қолға алсам да, оны толықтай кемеліне жеткізу – мен үшін тек ұстаным емес, ішкі жауапкершілік. Осы қағиданы берік ұстана отырып, талай асуларды бағындыруға мейлінше мүмкіндік алдым.

– Еңбек жолыңызда жүздеген нысан салып, мыңдаған адамның игілігіне қызмет етіпсіз…

– Тоқсаныншы жылдары Қазақстан егемендігін алған шақта, өзімнің құрылыс саласындағы әріптестеріммен бірге «Аспап» атты құрылыс кооперативін ұйымдастырдық. Қарап отырсаңыз, 34 жыл бойы осы ұйымды табыс­ты басқарып келемін. Сан алуан нысан салдық. Сегіз мектеп тұрғыздық. Қырдағы жұртқа он бес шақты денсаулық мекемесінің бойын түзедік. Мен тек есімдегіні ғана есепке алып отырмын. Әйтпесе, салынған дүние көп. Арыстағы жағдай есіңізде болар. Сонда алпыс үй салып бердік. Бажайлап отырсақ, тұтас республиканы құрылыспен қамтып үлгергендейміз. Сонымен, биыл құрылыс саласында еселі еңбек еткеніме елу жыл толады. Тәубе! Бүгінде құрылысшылар қоғамының төрағасымын. Әлі күнге дейін табысты жобаларға жетекшілік етіп келеміз. Халық қалаулысы ретінде де осы салаға баса мән береміз.

– Қаланың болашағына қатысты сөз еткенімізде сіздің осындай ауқымды көзқарасыңызды қажет ететіндей. Жоталы жобалар жүзеге асқан кезде, қаламыз қандай сипатқа ие болады деп елестетесіз? Қарағандының келешегін сіз қандай рухта, қандай кейіпте көресіз?

– Қазіргі уақытта қаланың бас жоспарын жан-жақты саралап, терең талқылап жатырмыз. Алдымызда тұрған маңызды межелердің бірі – «Көгілдір тоғандар» арқылы Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты біртұтас аумақ ретінде байланыстыру. Қарап отырсақ, қарапайым инфрақұрылым емес, тұтас қаланың болашағына бағытталған стратегиялық қадам бұл. Аталған аймақта стадионнан бастап, күн электр стансасына дейінгі ауқымды, заманауи нысандар бой көтереді деп жоспарланып отыр. Қала өсіп, жаңару керек. Уақыт талабы – осы. Жыл сайын кемінде 500 мың шаршы метр тұрғын үй салынбаса, халықтың сұранысын өтеу мүмкін емес. Есептеп көріңіз: әр азаматқа кем дегенде 20 шаршы метр жайлы кеңістік қажет. Осыны негізге алсақ, алдағы жиырма жылда қазіргі бос жатқан аумақтар түгел игеріліп, жаңа қалалық келбет қалыптасуы тиіс. Жұмыс ауқымды. Оған тек құрылыс емес, халықпен үздіксіз байланыс, түсіндіру, сендіру, ортақ көзқарас қалыптастыру жұмыстары да кіреді. Біз бұл үдеріске тек жоспар құрушы ретінде емес, қаланың болашағына жанашыр азамат ретінде қарап отырмыз.

– Құрылыс нарығында салықтық ауыртпалық пен әлеуметтік жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтау керек деп ойлайсыз? Мемлекет, инвестор және халық арасындағы өзара тиімді тетік қалай қалыптасуы қажет?

– Кеңшілікті айттық, енді кемшілікті де ашық айтуымыз керек. Бұрындары салынып жатқан тұрғын үйлерге қатысты салық кодексі қосымша құн салығын (ҚҚС) есептемейтін. Қазір ол да қосылатын болды. Бұл дегеніңіз – сатылатын пәтер бағасының бір сәтте 16%-ға дейін шарықтауы. Мұндай өзгерістің түпкі салдарында қарапайым халықтың баспана алу мүмкіндігі күрт төмендеп, қолжетімділік қиындайды. Үйдің бағасы өскен сайын халықтың сатып алу қабілеті төмендейді. Ал, сұраныс азайса, құрылыс қарқыны бәсеңдейді. Мұны ашық айтуымыз керек. Өйткені, тұрғын үй салу жай ғана бизнес емес, әлеуметтік жауапкершілігі зор сала. Сондықтан, салықтық өзгерістер заңды қатайту ғана емес, инвестор үшін де тартымды әрі қолайлы болуға тиіс. Теңгерімді сақтау – басты міндет. Осы тұста тағы бір өзекті жайт, кейбір тұрғындардың жекелеген арыз-шағымдары. Өкінішке қарай, мұндай шағымдар жиі жағдайда құрылыстың ілгерілеуіне кедергі келтіріп, ортақ іске бөгет болып жатады. Тіпті, басталып қойған жобалар тоқтап қалатын мысалдар бар. Анығында, қай мәселеге болсын, парасат биігінен қарауымыз қажет. Қала өссін десек, ел өркендесін десек, әр тарап ортақ жауапкершілікті сезіне білуі шарт. Жүйелі көзқарас пен теңгерімді шешім ғана нәтижеге жеткізеді.

– Құрылысшылар қауымына айтар тілегіңіз бар болар…

– Кәсіби мерекеміз – құрылысшылар күні таяп қалды. Осы орайда сала ардагерлері мен барша әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын! Еңбектеріңіз жана берсін, жаңалықтарыңыз мол болсын, әрбір кірпіштен – береке, әр нысаннан – нұр жау­сын! Бұрындары өзбек, тәжік ағайындардың там салу өнеріне таңдай қағатын едік. Ал, бүгінде сол деңгейге біздің қаракөз қазақ жастары да нық қадам басып келеді. Құрылыс алаңдарында кәсіби бетоншылар, шебер тас қалаушылар көбейіп, отандық мамандардың жаңа буыны қалыптасып жатқаны көңіл қуантады. Түрлі бригадалар, кәсіби командалар құрылып, сапа мен жауапкершілікті ту етіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялағаны дәл осы еңбек адамдарына, соның ішінде, құрылысшыларға көрсетілген үлкен құрмет деп білемін. Еңбек десе, маңдай тер, табандылық, төзім мен тиянақтылық ойға оралады. Ал, құрылысшы – соның нағыз символы. Барша әріптестерге мереке құтты болсын дей отырып, жаңа биіктерге бірге жетейік деп тілеймін! Қарағандының қарышты қадамы – құрылысшының қолында!
– Тұшымды әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button