Қарағандыны қардан тазалау қарқынды
20-нан 21-ші қаңтарға қараған түні коммуналдық қызметшілер жолдар мен жаяу жүргіншілер жолын тазалау жұмыстарын қарқынды жүргізді деп хабарлады Ә.Бөкейхан атындағы аудан әкімдігі.

Боранды түнде Майқұдық, Пришахтинск және Сортировка секторларын қардан тазалау үшін барлығы 65 арнайы техника мен 40 жол қызметкері жұмылдырылған. Жол жамылғысын және жаяу жүргіншілер жолдарын тазалау, сондай-ақ құм-тұз қоспасын қосу жұмыстары жүргізілген.

Соңғы үш күнде Ә.Бөкейхан ауданынан 15 мың текше метр қар шығарылса, Қазыбек би ауданындағы жолдардан 21 мың текше метрден астам қар тазаланып, 1200 тоннадан астам құм-тұз қоспасы себілген.
Қаланы қардан тазалау үшін тәулігіне 235-тен астам мамандандырылған техника мен 175 жұмысшы жұмылдырылған. Жұмыс екі ауысымда жүргізіледі: бірінші ауысым 8:00-ден 18:00-ге дейін, екінші ауысым 20:00-ден 6:00-ге дейін. Ауысымдарды ауыстыру аралықтары қарбалас уақыттағы қозғалыс ағынын ескере отырып таңдалады.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.