Қарағандының қадамы нық
Қарағанды облысы халықаралық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруде. Астанада өткен Қазақстан-Франция инвестициялық форумында Қарағанды делегациясы аймақтың экономикалық мүмкіндіктерін таныстырып, су ресурстарын тиімді басқаруға бағытталған маңызды келісімге қол қойды. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев бастаған делегация форум барысында инвестициялық жобаларға есік ашып, шетелдік компанияларды ортақ бастамаларға шақырды.

Екі ел арасындағы достықтың жаңа кезеңі басталды деуге толық негіз бар. Премьер-Министр Олжас Бектенов форумды ашу кезінде Франция мен Қазақстан арасындағы байланыстардың стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілгенін атап өтті.
– Франциямен ынтымақтастық – Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі басымдықтардың бірі және Еуропалық Одақ шеңберіндегі серіктестігіміздің ажырамас бөлігі. Біздің елдеріміз берік саяси байланыстармен, белсенді үкіметаралық және парламенттік диалогпен, сондай-ақ, қарқынды сауда және инвестициялық өзара іс-қимылмен ерекшеленетін берік және көпқырлы серіктестікке ие, – деді Премьер-Министр.
Бұл сөздер форум атмосферасын айқындап қана қоймай, Қарағанды секілді өндірістік аймақтар үшін жаңа мүмкіндіктер терезесін ашты.
Форумда сөз алған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірдің артықшылықтарын кеңінен таныстырды.
– Қарағанды облысы – үлкен мүмкіндіктер мен ашық диалог аймағы. Біз тек инвестиция тартуға ғана емес, ұзақ мерзімді және өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға тырысамыз. Біз SUEZ француз компаниясымен суды ұтымды пайдалану саласында ынтымақтастықты бастадық және барлығын жаңа бірлескен жобаларға шақырамыз. Біздің өңірдің артықшылығы – батыс пен шығыс, Еуропа мен Азия арасында, дәл орталықта орналасуымыз. Ірі көліктік-логистикалық жүйе, халықаралық автомобиль және теміржол дәліздері, әлеуеті толық пайдаланылмаған жүк-терминалы бар халықаралық дәрежедегі әуежай бар, – деді өңір басшысы.
Форум аясында Қарағанды қаласы үшін тарихи сәт орын алды. Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов, SUEZ International SAS компаниясының өкілдері және Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығы үш жақты ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Бұл құжат облыс орталығында су ресурстарын басқарудың заманауи жүйесін құруға жол ашады. Франциялық SUEZ компаниясы – әлемдік деңгейдегі көшбасшы, олардың тәжірибесі мен технологиялары енді қарағандылық тұрғындардың игілігіне қызмет етпек.
Компания суды үнемдеу, шығынды азайту, желілердің тиімділігін арттыру және қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша озық шешімдерді ұсынуға дайын. Бұл – тек қала үшін ғана емес, жалпы экологиялық қауіпсіздік пен климат өзгерістеріне қарсы тұру үшін де маңызды қадам.
Форум аясында тағы бір маңызды құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, Қарағанды медицина университеті мен Францияның әйгілі Париж-Сакле университеті өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасты.
Келісімге сәйкес, алдағы уақытта қос диплом бағдарламасы, академиялық ұтқырлық, биомедицина саласындағы бірлескен ғылыми жобалар жүзеге асырылады. Бұл – қазақстандық медициналық білім беру жүйесіне жаһандық сапа мен стандарт енгізудің нақты қадамы.
Қазақстан мен Франция арасындағы форум екіжақты байланыстарға тың серпін беріп қана қойған жоқ. Одан бөлек, Қарағанды облысының жаһандық инвестициялық картасындағы орнын нақтылап берді. Бұл – тек бүгінгі емес, ертеңгі күннің де бастамасы. Ал, суды үнемдеу мен жастарға білім беру секілді бастамалар – ұлт болашағына бағытталған ең құнды инвестициялар.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»