АймақАқтоғай

Қарағандымен қатынас қиын

Бізді, Қызыларай ауылы тұрғындарын қоғамдық көлік мәселесі толғандырады. Ауылымызға Қарағанды қаласынан автобус жүрмейді. Ал, іргелес отырған Шабанбай би ауылына Қарағандыдан қоғамдық көлік аптасына екі рет келіп кетеді. Соның кесірінен облыс орталығымен байланысымыз қиындап отыр.

Тек, Балқаш қаласынан аптасына екі рет автобус қатынайды. Қарағандыда оқитын студенттер, я болмаса шаруамызбен облыс орталығына барып қайтсақ, Шабанбай биден автобус бері қарай жүрмегендіктен, аталмыш ауылда түнде қалып қоямыз. Шалғайдағы елді мекенде такси қайдан болсын, ауылға жету үшін көлік іздейміз. Әсіресе, бұл жағдай қыс мезгілінде ауылдың студент жастарына қиын.

Аудан әкімдігі бұл бағыттағы маршрутты ұзарту үшін жолаушы тасымалымен айналысатын автопаркке сұрау салғандарын айтқан еді. Алайда, жолаушы таситын мекеме Қарағандыдан кешкі 17.00-де шығатын автобус Шабанбай биге түнгі сағат 10-ға таман жететіндіктен, әрі қарай тым кеш болып кететіні жөнінде уәж айтыпты. Сол автобусты екі сағат бұрын шығаруға болмай ма? «Қоғамдық көлік керек» деген мұң-мұқтажымызды, тіпті, облыс басшылығына да осыдан бір жыл бұрын жеткізген де едік. «Бұл мәселені қарастырамыз, жауабын айтамыз» деген жауап естідік. «Облыс айтса, бір қозғау болар» деп дәмеленіп, бір жыл бойы автобус күтумен жүрміз. Алайда, маршрутты өзгертіп, жұрттың жағдайын жақсартуға биліктегі ақ жағалылар асығар емес.

Қызыларай ауылының тұрғындары.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button