Бас тақырыпБасты тақырып

Қарағандылық жастар QarTech форумында марапатталды

Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аймақта өңірлік инновациялық-индустриялық QarTech форумы ұйымдастырылды. Ауқымды шара бір алаңда өнеркәсіп өкілдерін, ғалымдарды, стартап-командаларды және мемлекеттік органдардың өкілдерін біріктірді. Бір күн бойы QarTech хабы идеялар, озық технологиялар мен дайын шешімдер тоғысқан орталыққа айналды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Форумда цифрлық платформалар мен экологиялық әзірлемелерден бастап, экономиканың нақты секторына арналған қолданбалы ғылыми жобаларға дейінгі кең ауқымды бастамалар таныстырылды. Іс-шара бағдарламасы өңір дамуының төрт негізгі бағытына шоғырланды. Олар – тау-кен металлургия кешені, көмір химиясы және жаңа материалдар, Industry 4.0, сондай-ақ экология саласы.

Сонымен қатар QarTech инкубаторының стартап-көрмесі мен Demo Day алаңы жұмыс істеді. Онда технологиялық командалар өз жобаларын өңірдегі өнеркәсіп кәсіпорындарының назарына ұсынып, әлеуетті серіктестермен байланыс орнатты. Форумның басты оқиғаларының бірі «Инновациялық синергия: индустрия – ғылым – мемлекет» тақырыбындағы стратегиялық сессия болды. Жиында ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізудің нақты тетіктері мен олардың экономикалық тиімділігін арттыру жолдары талқыланды. Пікірталасқа өңірдегі 80-нен астам серіктес кәсіпорын мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысып, бизнестің инновациялық экожүйені дамытуға деген жоғары қызығушылығын көрсетті.

Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ректоры Сәуле Сағынтаеваның айтуынша, бүгінгі таңда өндірістерді технологиялық жаңғырту, инновациялық шешімдерді енгізу және кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру өзекті мәселеге айналған. Оның сөзінше, QarTech өңірлік инновациялық-индустриялық хабы – өнеркәсіп, ғылым және мемлекет арасындағы жүйелі өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін тиімді алаң.

Форум аясында бірқатар байқаулардың қорытындысы шығарылды. Өндірістік процестерді автоматтандыру, инфрақұрылымды мониторингтеу және экологиялық технологиялар саласында шешімдер ұсынған QarTech инкубаторының бес стартап-командасы ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Сондай-ақ қолданбалы ғылыми-технологиялық әзірлемелер байқауының нәтижесінде төрт ғылыми-өнеркәсіптік кластер бойынша сегіз жоба жеңімпаз атанды. Олардың қатарында карьерлерді мониторингтеу жүйелері, ресурсты үнемдейтін металлургиялық технологиялар және химиялық реагенттерсіз су тазалау шешімдері бар.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button