АймақБас тақырыпСаран

Қарағандылық зауытта әлемдік стандартқа сай техника жасалады

Қарағанды облысындағы тұрмыстық техниканың жетекші өндірушісі Silk Road Electronics компаниясы мен оңтүстік кореялық Samsung Electronics корпорациясы Қазақстандағы Silk Road Electronics алаңында автоматты кір жуу машиналары өндірісін іске қосу бойынша стратегиялық серіктестік жасасты.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Сарандағы Silk Road Electronics зауытының базасында Samsung-тың қатаң стандарттарына сәйкес келетін ақылды кір жуу машиналарын шығару жолға қойылмақ. Өнім энергия тиімділігінің, сенімділік пен қауіпсіздіктің әлемдік талаптарына жауап беріп қана қоймай, инновациялық функциялар мен шешімдерді ұсынады.

– Бұл келісім – біздің мүмкіндіктерімізге, біздің командамызға және біздің жолымызға деген сенімнің көрінісі. Samsung Electronics компаниясымен біз дамудың жаңа кезеңіне көшудеміз, яғни, біз ертеңгі күннің технологияларын бүгін бірге жасап жатырмыз, – деп атап өтті Silk Road Electronics директоры Александр Критский.

Жаңа келісім компаниялар арасындағы табысты серіктестіктің жалғасы болды. 2024 жылғы желтоқсанда Silk Road Electronics алаңында Samsung теледидарларын бірлесіп шығару туралы алғашқы келісімге қол қойылған.

– Silk Road Electronics компаниясымен ынтымақтастық біздің қарым-қатынасымыздың тарихындағы жаңа кезеңдерді ашады: Samsung компаниясының алдыңғы қатарлы әзірлемелері мен біздің серіктестеріміздің жоғары технологиялық өндірістік қуаттарын біріктіре отырып, біз тұтынушыларға ең жоғары жайлылық пен сенімділік деңгейін беретін инновациялар экожүйесін қалыптастыру үшін прецедент жасаймыз, – деп атап өтті Samsung Electronics тұрмыстық техниканы сату бөлімінің басшысы Данияр Ыбыраев.

Өндірісті іске қосу 2025 жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланған. Бастапқыда барлық өнім Қазақстанның ішкі нарығына бағдарланатын болады. Жақын арада экспорттық жеткізілімдер жоспарда жоқ, алайда болашақта шетелдік нарықтарға шығу мүмкіндігі қарастырылуы мүмкін, бұл Samsung және Silk Road Electronics компанияларының халықаралық аренадағы өз позицияларын күшейтуіне мүмкіндік береді.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button