Қарағандылық тергеуші джиу-джитсуден Азия чемпионатын бағындырды
Таиланд астанасы Банконг қаласында джиу-джитсуден өткен Азия чемпионатында Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты оңтүстік-шығыс полиция бөлімі, тергеу бөлімшесінің тергеушісі Аян Әмзе алтын медальға ие болды.
Байрақты бәсекеге 30 мемлекеттен 600 спортшы қатысқан. Жерлесіміз Қазақстан құрама командасының ішінде чемпион атанған жалғыз спортшы. Спортпен осыдан алты жыл бұрын мектеп оқып жүргенде айналыса бастаған. Ал, Қазақстан Республикасы ІІМ Қарағанды академиясында оқып жүргенде джиу-джитсумен айналысып, жетістіктерге жете бастаған.
– Мен тек финалға өтемін деп ойладым. Алтын медальға талас кезінде бұрын қарсылас болған тайландықпен кездестім. Онымен былтыр өткен Азия чемпионатында бақ сынасқам. Биыл тағы кездестік. Алтын медаль ұтып алғаныма қуаныштымын. Ендігі арманым әлем чемпионатын бағындыру, – деді Аян Әмзе.