Қарағандылық теннисші Әмір Омарханов әлемдік рейтингіде бірден 241 сатыға жоғарылады
Қазақстандық теннисшілердің әлемдік рейтингідегі орындары белгілі болды. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы хабарлады.

Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) рейтингісінде Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 11-орында қалса, Александр Шевченко 96-дан 95-ке ауысты.
Дмитрий Попко 224-тен 223-ке көтерілсе, Тимофей Скатов 239-ға тұрақтады. Бейбіт Жұқаев 279-дан 280-ге, Михаил Кукушкин 294-тен 299-ға төмендеді.
Жаңартылған рейтингіде ерекше серпіліс жасаған қазақстандық теннисшінің бірі Денис Евсеев болды. Өткен аптада Исламабад (Пәкістан) челленджер турнирінің жартылай финалына дейін жеткен қазақстандық теннисші 404-тен бірден 371-ге шықты.
Монастирдегі (Тунис) жарыстың жартылай финалына дейін барған 18 жастағы Амир Омарханов 241 сатыға жоғарылап, 1 100-ден 859-ға көтерілді. Григорий Ломакин де өз көрсеткішін жақсартып, 975-тен 961-ге ауысты.
Сондай-ақ 1 742-орынға жайғасқан 17 жастағы Заңғар Нұрланұлын да атап өтуге болады.
Әйелдер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина WTA рейтингісінде бұрынғыша үздік бестікті түйіндеп тұр.
Юлия Путинцева 72-орында қалса, Аустралия ашық чемпионатына жолдама алған Зарина Дияс 283-тен 284-ке, Жібек Құламбаева 331-ден 334-ке түсті.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



