Қарағандылық театр қайраткері Ерғали Жүніспеков құрметтелді
Қарағандылық театр қайраткері Ерғали Жүніспеков 90 жасқа толды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мерейтой иесін құттықтап, мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

– Сізді 90 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Театрға арналған өмір жолыңыз бірнеше буынға үлгі болып, дәстүр сабақтастығын қамтамасыз етті. Сахна өнерінің дамуына зор үлес қосып, жарқын бейнелер жасадыңыз, көрерменнің шынайы ықыласына бөлендіңіз. Екі дәуірдің куәсі, бай өмірлік әрі шығармашылық тәжірибесі бар тұлға ретінде зор құрметке ие болып отырсыз, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Мерейтой иесі көрсетілген құрмет үшін алғыс айтып, жастарға ақыл-кеңесін жеткізді:
– Мен бала кезімнен өнерге құштар болдым, көрнекті актерлермен бірге еңбек еттім. Ұстанымым – өмірсүйгіштік пен адамгершілікті жоғалтпау. Жастарға сәттілік пен шабыт тілеймін, театрға деген қызметті жігермен атқарсын.

Ерғали Жүніспеков – Қарағанды өңіріндегі театр өнерінің аға буын өкілдерінің бірі. Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры жанындағы студияда кәсіби театрлық білім алған.

Шығармашылық қызметі барысында әртіс жүзден астам рөл сомдап, олардың көпшілігі театрдың алтын қорына енді. Оның репертуарында әлемдік драматургия классикасы да, қазақ авторларының туындылары да бар. Әрбір рөлі тереңдігімен, нақтылығымен және шынайылығымен ерекшеленді.

Президент сыйлығының лауреаты атанған Ерғали Жүніспековке «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағы берілген.



