Қарағандылық тарихшы Әділет Жағыпар «Алаш аманаты» сыйлығын жеңіп алды
Елордада «AMANAT» партиясы ұйымдастырған дәстүрлі «Ұлы дала» республикалық әдеби байқауының қорытындысы жарияланды. Биылғы байқау хакім Абайдың 180 жылдығына арналып өтті. Осы мәртебелі додада жерлесіміз, тарихшы Әділет Жағыпар «Алаш аманаты» арнайы сыйлығын жеңіп алды.

Шығармашылық дода алтыншы жыл қатарынан өткізіліп келеді. Осы уақыт мұғдарында байқау жас қаламгерлердің әдеби, мәдени ортаға қадам басуына жол ашып, еліміздің әр өңіріндегі талапты жастарды бір алаңға тоғыстырған алаңға айналды.
Байқау жеңімпаздарын құттықтаған «AMANAT» партиясы Төрағасы, Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов жас қаламгерлерге қолдау көрсету – партия алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев руханиятқа ерекше көңіл бөліп келеді. Президентіміз халқымыздың озық ойлы, интеллектуалды ұлт болғанын қалайды. Ендігі жас толқынның міндеті – қазақ зиялылары жеткен биіктен таймай, жаңа көкжиектерге ұмтылу. Ал,біздің міндетіміз – жастарға жол ашу. «Ұлы дала»байқауы – осы ұмтылыстың нақты көрінісі, – деді Ерлан Қошанов.
Биылғы байқауға еліміздің түпкір-түпкірінен 120 әдеби шығарма жолданып, олардың ішінен кілүздіктер анықталды. Салтанатты рәсім соңында барлық қатысушылар режиссер Әлімбек Оразбеков қойған әйгілі «Абай» трагедиясын тамашалады.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



