Қарағандылықтар «WhatsApp» арқылы жұмысқа орналасуда
«Қарағанды қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-де «WhatsApp мобильді қосымшасы арқылы жұмыс іздеу» жобасы жұмысын жалғастыруда. Бұл туралы қала әкімінің ресми сайты хабарлады.
Жобаның негізгі мәні – ақпараттық ресурстар әлеуетін кешенді пайдалану жолымен, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыруда мемлекеттік әлеуметтік қолдау шаралары аясында жұмыс құралдарын жаңарту болып табылады. Аталған сервисті пайдалана отырып, жұмыс іздеуші кез келген жерде, әрі үйден шықпай-ақ бос орындар туралы ақпараттар алу мүмкіндігіне ие болады, бұл уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Жоба сондай-ақ, кадрларды жедел іріктеуге және бос лауазымдық орындарды жинақтауға мүмкіндік алатын, жұмыс берушіге де бағдарланған.
Аталмыш жобаның басты мақсаты – азаматтарға қаладағы бос орындарға барынша қолжетімділік, жеделдік, ұтқырлық, қаражат пен уақытты үнемдеу мүмкіндігін ұсыну болып табылады.
Жарияланған жұмыс орындарына кадрларды іріктеу барысында білім деңгейіне, жасына, тәжірибесіне, кәсіби және жеке қасиеттеріне қойылатын талаптар ескеріле отырып жүзеге асырылады. Сіздерді жұмыс іздеу үшін «WhatsApp» мобильді қосымшасын пайдалануға шақырамыз: 8775 644 35 80.