Бас тақырыпСпорт

Қарағандылықтар байрақты бәсекеден 4 медаль еншіледі

Жапония астанасы Токиода есту қабілеті зақымданған спортшылардың төрт жылда бір өтетін XXV жазғы Сурдлимпиадасы басталды. Биылғы дүбірлі додаға 81 мемлекеттен жиналған үш мыңға жуық спортшы қатысып, 21 спорт түрі бойынша 209 дисциплинада бақ сынауда. Әлемдік аламанда Қазақстан құрамасы да өз әлеуетін танытпақ. Ел намысын сегіз спорт түрінен 78 спортшы қорғайды. Солардың ішінде, Қарағандыдан барған тоғыз спортшы бағдарламаның үш бағытында өнер көрсетеді. Сурдолимпиаданың басталғанына санаулы күн болса да, қазақстандық спортшылар екі алтын, екі қола медаль жеңіп алды. Ал, 81 келіде белдескен қарағандылық дзюдошы Еркебұлан Қанафин ақтық кезеңге жолдама иеленді.

Суреттер облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан

Сурдлимпиаданың ашылу салтанаты Токио Метрополитен гимназиясы спорт кешенінде өтті. Іс-шараны Есту қабілеті зақымданған спортшылар спортының халықаралық комитеті (ICSD) президенті Адам Коса ашып, барлық қатысушыға сәттілік тіледі. Ашылу салтанатында еліміздің байрағын дзюдодан спорт шебері, XXIV жазғы Сурдолимпиада ойындарының жүлдегерлері Айдос Түгелбаев пен Анна Краморова көтеріп шықты. Ал, Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің президенті Серік Сәпиев құрамадағы спортшыларға қолдау көрсетіп, өз пікірін білдірді.

– Бұл ойындар – спортшыларымыздың ең жоғары деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейтін мүмкіндік. Қазақстандық команда үлкен дайындықтан өтті. Әрбір спортшы жарыс жолына бір мақсатпен, яғни, ел абыройын асқақтату үшін шығады. Сондықтан, осы жолда баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді ол.

Ұлттық құрама үшін алғашқы жарыс 16 қарашада, сурдо дзюдо мен сурдо бадминтоннан басталған. Кейін жарыс кестесіне сәйкес жеңіл атлетика, үстел теннисі, жүзу, грек-рим күресі, таеквондо және еркін күрес додалары жалғасуда.

Еркебұлан Қанафин – дзюдодан (сурдо) Қазақстан Республикасының спорт шебері. 2022 жыл Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен Сурдлимпиада ойындарының чемпионы. 2023 жыл Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен Азия-Тынық мұхиты чемпионатында да алтыннан алқа таққан. Ал, былтыр Түркістанда өткен дзюдодан әлем чемпионатында жеке сында қола жүлдеге қол жеткізсе, командалық есепте І орын иеленген. Осы жолғы Сурдлимпиадада да алтыннан үміт артып отырған басты спортшыларымыздың бірі.

Сонымен қатар, таэквондодан да үміт артып отырған жерлестеріміз жоқ емес. Бұл құрамда Аян Абдраш, Виктор Фрундин, Нұрдәулет Жақып, Айжомол Абдикатова, Аида Макатова және Мөлдір Мұқашева сынды білікті спортшыларымыз өнер көрсетпек. Ал, Диас Кенжебек пен Давид Петлеван жүзу спортынан бақ сынайды.

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button