Қарағандылықтар Азия чемпионатынан жүлдемен оралды
Жеңіл атлетикадан Ташкентте үлкен жасөспірімдер мен қыздар арасында (2006-2007 ж.т.) Азия чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға әлемнің 30 елінен 386 спортшы қатысқан. Ел намысын қорғап, әлемдік аренада бақ сынаған 58 спортшының үшеуі – алтын, алтауы – күміс, бесеуі – қола жүлдені жеңіп алды. Олардың ішінде облыс атынан қатысқан спортшылар да бар.
Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы ІІІ орынға табан тіреді. І орынды – Қытай, ІІ орынды – Үндістан құрамасы иеленді.
Аталмыш додаға облыс атынан облыстық олимпиада резерві мектебінің, Әлия Молдағұлова атындағы мектеп-интернат-колледжінің, Қарағанды, Теміртау және Абай спорт мектебінің 13 тәрбиеленушісі қатысқан.
Биіктікке секіруден сынға түскен жерлесіміз Арина Малюгина – ІІ орын иеленді. Ал, швед эстафетасында бақ сынаған Зубарева Милана жүлделі ІІ орынмен оралды. Теміртаулық Григорьева Богдана 3000 метрге жүгіруден үшінші болып мәре сызығын кесті.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz