Қарағандылықтар Алғыс айту күнін атап өтті
Достық үйінде Алғыс айту күніне арналған «Алғысым саған шексіз» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиын этномәдени бірлестіктер өкілдерін, жастарды, әскери қызметшілерді, медицина қызметкерлерін, педагогтерді, төтенше жағдайлар және полиция қызметкерлерін, спортшыларды, мәдениет қайраткерлерін және өңір тұрғындарын бір арнаға тоғыстырды. Іс-шара қоғамдағы бірлік пен өзара құрмет құндылықтарын насихаттауға бағытталды.

Мереке аясында Достық үйінің атриумында сәндік-қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылып, келушілерге қолөнер шеберлерінің туындылары таныстырылды.
Салтанатты іс-шара барысында қатысушыларды ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов құттықтап, Алғыс айту күнінің маңызына тоқталды.
– Бүгін – көктемнің алғашқы күні. Бұл – бір-бірімізге ілтипат пен ризашылығымызды білдіретін ерекше күн. Осындай сәтте еліміздің басты құндылығы – бірлік пен ынтымақтастық екенін тағы да сезінеміз.Біздің халқымыз қай кезеңде де татулық пен өзара түсіністікті сақтап, соның арқасында бір халық, бір ел болып мемлекет құрып, оны нығайтып келеді. Ең қиын кезеңдердің өзінде халқымыз бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсетіп, елдігін сақтай білді. Конституциямыздың преамбуласында да халқымыздың мыңжылдық тарихы мен ортақ тағдыры атап көрсетілген. Сондықтан бұл құндылықтарды алдағы уақытта да бағалап, жалғастыруымыз қажет деп ойлаймын.Қазіргі таңда елімізде маңызды саяси реформалар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық етіп отырған өзгерістер еліміздің дамуына және жас ұрпақтың жарқын болашағына бағытталған. Осы реформаларды қолдап, референдумды насихаттап, түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысып жүрген баршаңызға алғысымды білдіремін. Көктемнің алғашқы күнінде әрқайсыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Әр шаңырақта береке-бірлік орнап, елімізде тыныштық пен тұрақтылық мәңгі жасай берсін, – деді ол.

Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдық бөлімшелері төрағаларына Алғыс хаттар табысталып, Ассамблея өкілдері сөз сөйледі.
– Құрметті Қазақстандықтар сіздерді бірінші наурыз алғыс айту күнімен құттықтаймын. Бүкіл қазақ еліне, қазақ жеріне сәттілік тілеймін. Біз үшін, өзге ұлттар үшін бұл үлкен мереке. Мен түрік халқының атынан, қазақ еліне, қазақ жеріне алғысым шексіз біздерді қолдағандарыңызға. 15 наурыз күні еліміз үшін маңызды тарихи оқиға өтеді. Осы күні еліміздің басты құжаты – Конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша жалпыұлттық референдум өткізіледі. Құрметті отандастар, 15 наурызда еліміздің болашағына қатысты маңызды шешім қабылданады. Сондықтан баршаңызды бірлік танытып, референдумға белсенді қатысуға шақырамын. Бұл шешім – мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін жасалатын маңызды қадам. Еліміздің дамуы мен келешек ұрпақтың игілігі жолында бірге әрекет етейік. Сүйікті Отаным – Қазақстаныма сәттілік тілеймін. Жасай бер, Қазақстаным! Гүлдене бер, Қазақстаным! Көркейе бер, қазақ тілім! – деді Зарина Сафарова.
Бағдарлама барысында жастарға, әскери қызметшілерге, медицина қызметкерлеріне, төтенше жағдайлар және полиция қызметкерлеріне, педагогтерге, спортшыларға және сәндік-қолданбалы өнер шеберлеріне арналған тақырыптық бөлімдер ұсынылды. Онда әр мамандық иелерінің қоғамдағы орны мен еңбегі ерекше атап өтті.
Іс-шараның концерттік бөлімінде облыстың шығармашылық ұжымдары мен солистері өнер көрсетіп, халықтық ансамбльдер мен хореографиялық ұжымдардың әсерлі қойылымдары көпшілік назарына ұсынылды.
«Алғысым саған шексіз» атты мерекелік іс-шара этносаралық келісімді нығайтуға, түрлі мамандық иелеріне құрмет көрсетуге және қоғамдағы бірлік пен өзара қолдау дәстүрлерін дамытуға ықпал етті.
Жамал АКПАРОВА
Ortalyq.kz



