Жаңалықтар

Қарағандылықтар 42 500 теңге әлеуметтік төлемін ала бастады

Қарағанды облысының тұрғындары 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем ала бастады. Төлемақы алу туралы өтінішті қалай беру керектігі және жәрдемақы кімге тиесілі екені жайлы Saryarqa телеарнасының тікелей эфирінде Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асем Жүніспекова баяндап берді.

Шілде айына 42 500 теңге көлеміндегі төлем қазақстандықтардың бірнеше санатына тиесілі. Жәрдемақы алуға: жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген қызметкерлер (шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлерінен басқа, екінші деңгейдегі банктердің, мемлекеттік заңды тұлғалардың қызметкерлерін қоспағанда) үміткер бола алады. Төлемді жеке кәсіпкерлер мен жеке тәжірибемен айналысатын адамдар, сондай-ақ азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын адамдар және бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер ала алады.

– Төлем алу жүйесіндегі басты өзгеріс енді жалдамалы қызметкерлер үшін өтінімді жұмыс беруші беретінінде. Мұны қашықтан жасауға болады. Егер қызметкер жұмыстан босатылса немесе қысқартылған болса, Жұмыспен қамту орталығына жүгінуі қажет, онда оған бос орындар ұсынады. Егер қолайлы жағдай болмаса, үш күн ішінде азаматқа жұмыссыз мәртебесі беріледі және алты айға дейін қатарынан алуға болатын жұмыссыздық бойынша жәрдемақы рәсімделеді, – деп хабарлады Әсем Жүніспекова.

Төлемді ақысыз демалысқа кеткен және табысынан толық айырылған азаматтар ғана ала алады. Егер үмірткер толық емес жалақысын немесе кәсіпорынның ресми түрде тұрып қалуына байланысты өтемақы алатын болса, оған мемлекттік көмек берілмейді.

Жұмыс берушілерден түскен барлық өтінімдерді арнайы комиссия тексереді, оның құрамына кәсіпкерлік басқармасының өкілдері кіреді.

Жеке кәсіпкерлер, жеке тәжірибемен айналысатын адамдар және фрилансерлер өз атынан өтінім бере алады.

Табысын ішінара жоғалтқандар; мемлекеттік жәрдемақы және зейнетақы алушылар; 2020 жылдың бірінші жарты жылдығы ішінде бір де бір рет БЖТ төлемегендер; соңғы жарты жылдықта зейнетақы төлемдері жоқ азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істейтін фрилансерлер; пенитенциарлық жүйе мекемелеріндегі тұлғалар 42 500 теңге ала алмайды.

Өтінішті келесі арналарды пайдалану арқылы беруге болады:

– «Электрондық үкіметтің» веб-порталы – egov.kz;

– портал 42500.enbek.kz;

– telegram-боттар;

– Aitu мессенджеріндегі 42500.enbek.kz қосымшасы;

– Екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары.

Өтінімдерді қабылдау 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады. Ресімдеу үшін электрондық-цифрлық қолтаңба қажет.

Басқа материалдар

Back to top button