Бас тақырыпБасты тақырыпСпорт

Қарағандылық таэквондашылар Италияда топ жарды

Қарағанды облысы әкімдігінің хабарлауынша, аймақ спортшылары Италияда өткен ITF таэквондо бойынша әлем чемпионатында табысты өнер көрсетті. Жасөспірімдер, ересектер және ардагерлер арасындағы додада олар Қазақстан құрамасының қоржынына 21 медаль салды. Нәтиже: 3 алтын, 6 күміс және 12 қола.

Сурет облыс әкімдігінен

Байрақты бәсекеге 69 елден 1200-ден астам спортшы қатысып, Қазақстан намысын 72 таэквондошы қорғады. Оның ішінде 16 спортшы – Қарағанды облысынан. Жерлестер жекелей және командалық спарринг, формальды жаттығулар, өзін-өзі қорғау, арнайы техника бойынша сынға түсті. 

Ардагерлер санатында (45–59 жас) Әлия Сүлейменова формальды жаттығуда қола, ал спарринг бойынша алтын медаль жеңіп алып, үш дүркін әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ ардагерлер Марлен Шалтаков, Дулат Құрмансейітов және Азамат Сәбитов жалпы 6 медаль иеленді: 1 алтын, 3 күміс және 2 қола.

Медина Дауленова Қарағанды ITF таэквондо федерациясы тарихында әйелдер арасындағы алғашқы әлем чемпионы атанып, екінші алтынды еншіледі. Үшінші алтынды 14–15 жас аралығындағы Айтуар Сайранов жеңіп алды.

– Біздің спортшылар бар күш-жігерін салып, жоғары деңгейдегі дайындық көрсетті. Чемпиондарымыз Қарағанды таэквондо мектебінің мықтылығын тағы бір дәлелдеді, – деді Қарағанды ITF таэквондо федерациясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Валерий Когай.

Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 10 алтын, 10 күміс және 19 қола медальмен әлемнің үздік бес командасының қатарына енді.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button