Қарағандылық «Тұлпар» соңғы турда «Атырауға» есе жіберді
Футзалдан ел чемпионатының XVI туры өз мәресіне жетті. Бұл кезеңде қарағандылық «Тұлпар» шағын футбол командасы сырт алаңда «Атырау» клубымен кездесіп, екі ойынның нәтижесінде 1:4 және 3:4 есебімен жеңіліп қалды. Осы сәтсіздіктерден кейін қарағандылықтар турнир кестесінде IX орынға сырғыды. Ал, бұл дегеніңіз чемпионаттың плей-офф кезеңіне жолдама алудан қағылғалы тұр деген сөз…

Маусым басында «Тұлпар» жайында, яғни, клубтың жеңісті жолын қалт жібермей сүйіншілеп келгенбіз. Маусым ортасына жеткенде қарқыны бәсеңдей түсті. Ал, соңғы үш қарсыласқа қарсы өткен алты кездесуінде ұпай еншілей алмады.
Атыраулықтар – турнир кестесінде үздік үштіктің қатарындағы клуб. Бұған дейін қос команда төрт мәрте кездесіпті. Өкінішке қарай, төрт ойында да жерлестер жеңіліс тапқан. Осы кездесу олар үшін есе қайтаратын сәт еді. Бұл жолы да қарағандылықтардың асығы алшысынан түспеді.
Жалпы, алғашқы кездесудің бірінші бөлігі жерлестер үшін жаман басталған жоқ. Есеп – 1:2. Яғни, қарсыластарынан небәрі бір голға ғана қалып келе жатқан. Екінші айналымда есепті теңестіруге мүмкіндік туғанымен, оны ұтымды пайдалана алмады. Керісінше, алаң иелері қарқын алып, жауапсыз екі гол тіркеді. Осылайша олар кездесуді өз пайдасына шешіп кетті.
Қарымта матчтың алғашқы бөлігі жерлестердің еншісіне жазылды. Таблодағы көрсеткіш – 2:1. Алайда, үзілістен кейін ойын тізгінін атыраулықтар өз қолына алып, үш бірдей гол салды. Ал, «Тұлпар» тек бір голмен ғана жауап қайырып, жалпы есепті өзгертуге қауқар таныта алмады.
Қазіргі таңда «Тұлпардың» жағдайы мәз емес. Чемпионаттың плей-офф кезеңіне жолдама берілетін үздік сегіздіктің қатарынан түсіп қалды. Дегенмен, жерлестерге деген үміт сөнген жоқ. Алда әлі біраз ойын бар. Сол кездесулерде жеңіске жетіп, плей-оффқа жолдама алады деген сенім мол.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



