Жаңалықтар

Қарағандылық НЗМ түлегі Шанхай университетіне грант ұтып алды

Қарағандылық Анна Лазарева Шанхай Цзяо Тонг университетінің грантын жеңіп алды.

 

Шанхай Цзяо Тонг университеті (SJTU) – Қытайдағы ең көне және ықпалды университеттердің бірі. Бүгінде аталмыш оқу орны Қытайдағы ең үздік бес университеттің, ал, әлемдегі ең үздік 100 университеттің қатарына кіреді. Осы бір дәрежесі биік оқу орынының арнайы стипендиясын қарағандылық Анна Лазарева жеңіп алды. Биыл жас түлек Қарағандыдағы Назарбаев зияткерлік мектебін тәмамдаған.

– Маған жоғарғы оқу орны оқуымды, сақтандыруды және тұрғын үйдің бір бөлігін жауып беретін арнайы First Class Scholarship стипендиясын ұсынды. Сабақтың бәрі ағылшын тілінде өтеді. Бірақ, ол жақта Қытай тілін меңгеру студенттер үшін міндетті. Әрине, қытай тілін үйреніп алсам маған артық етпейді. Бұл оқу орынына түсуге Назарбаев Зияткерлік мектебінің білімі көмектесті. 11-сыныпта өзіме тәжірибе жинайын деп Flex бағдарламасына қатыстым. Одан бөлек, анам маған ағылшын тілін үйретті. Сол кісі болмаса мен ешқайда шыға алмас едім. Ал, әкем, сабырлы болуды үйретті. Бәрін ақылмен шешіп, ойлаған мақсатыма жетуді үйретті, – дейді Анна Лазарева.

Жас түлек SJTU университетінде механикалық инженерия мамандығында білімін шыңдауды жоспарлап отыр. Бұл оқу орнынң да өз артықшылықтары бар екен. Мұнда мамандығыңды оқу орынына келе салып бірден таңдамайды екенсің. Екінші курстан кейін таңдау мүмкіндігі қарастырылған.

Айта кетейік, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» SJTU Global Elite бағдарламасы шеңберінде ДББҰ-ның Шанхай университеттерімен арада достық келісімшарттар бар. Осы бағдарлама аясында елдегі «Назарбаев Зияткерлік мектептерінен» 20-дан астам оқушы грантқа өтініш берген. Ал, Анна солардың ішіндегі І дәрежелі грант иеленген жас түлек.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button