Қарағандылық ұстаздар халықаралық олимпиадада топ жарды
Қарағанды облысының ұстаздары VIII Халықаралық IMPACT Olympiad олимпиадасында жоғары нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді. 16 елдің мұғалімдері қатысқан білім додасында өңіріміздің 5 педагогы ел намысын абыроймен қорғап, зияткерлік әлеуетті дәлелдеді. Бұл жайлы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей әлеуметтік желідегі парақшасында атап өтті.

– Аманжол Жекебай ауыл мектебінің мұғалімдері де халықаралық деңгейде үлкен жетістікке жете алатынын көрсетті. Ал, Гүлзира Әділхан мен Жасұлан Азаматұлы IT бағыты бойынша авторлық бағдарламаларын ұсынып, болашақ инженерлерді даярлауға тың серпін берді. Алексей Прутько мен жас маман Вадим Мелешко физика мен математиканы тиімді оқыту әдістерін көрсетіп, пәндерді меңгерудің жаңа жолдарын ұсынды, – деп жазды Әлібек Үсенұлы.

Айта кеткен жөн, қазіргі таңда Қарағанды облысында 404 білім беру ұйымында 200 мыңнан астам оқушы білім алады. Оларға 23 мыңнан астам педагог білім мен тәрбие беріп келеді.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



