Қарағандылық спортшылар Қытайдан жеңіспен оралды
Қытай астанасы Бейжіңде көркем жүзуден өткен Әлем кубогінде Қазақстан құрамасы топ жарды. Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен спортшылардың қатарында қарағандылықтар да бар.
Қазақстан командасы акробатикалық бағдарламасында алаң қожайындарын басып озып, алтын жүлдеге қол жеткізді. Жерлестер көрсеткіш бойынша 213.7801 ұпай еншіледі. Ал, Бейжің құрамасы 205.0300 ұпаймен ІІ орын иеленсе, Австралия қүрамасы 196.6266 ұпай еншілеп, қола жүлдеге қол жеткізді.
Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен спортшылардың басым бөлігі – қарағандылықтар. «Алтынды» жеңіп алған команда құрамында Әйгерім Құрманғалиева, Этери Какутия, Наргиза Болатова, Арина Мясникова, Анна Павлетцова, Жаклин Якимова, Жәния Жиенғазы және Ксения Макарова бар.
Одан бөлек, теміртаулық жас спортшы Виктор Друзин де ерекше көзге түсті. Бейжіңде өткен Әлем Кубогы кезеңінде Анна Павлецовамен жұп болып, күміс медаль жеңіп алды. Ал «еркін соло» бағдарламасында 17 жасар Виктор Друзин «қола» медаль иеленді.
Әлем Кубогының келесі кезеңдері Францияда 3-5 мамыр аралығында, Канадада 31-2 маусымда өтеді. Венгрияда 5-7 шілде аралығында суперфинал өтеді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz