Қарағандылық спортшылар республикалық додада үздік үштіктен көріне алмады
Қазақстан бойынша VI Жастар спорт ойындарындағы үздік орындарды Алматы, Астана және Шымкент құрамалары иеленді. Қарағанды облысы қоржынына 159 жүлде жинады: 56 алтын, 42 күміс және 61 қола медаль. Бұл көрсеткіш бойынша аймақтық құрама төртінші орыннан көрінді.

– Дзюдо жарыстары сәуір айында өтті. Облыс атынан 14 спортшы қатысып, алты алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Қорытынды есеп бойынша біздің құрама бірінші орынға тұрақтады. Нәтиже өте жақсы. Бұдан әрі де жаңа жеңістерге ұмтыламыз, – деді «Жас сұңқар» облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Алмас Мұхтаров.
Үздік үштікке іліне алмағанымен, облыс құрамасы дзюдо, батут гимнастикасы, үстел теннисі және жеңіл атлетикада үздік көрінді. Гандболдан ерлер командасы күміс жүлдені иеленсе, әйелдер құрама командасы қолаға қол жеткізді. Жалпы есепте облыс спортшылары академиялық ескек есу және байдарка мен каноэ есу спорт түрлерінен де күміс медальға қол жеткізді.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ