Қарағандылық спортшылар әлемдік рейтингте көш бастады
Қарағандылық спортшылар Данил Мұсабаев пен Никита Тумаков батут гимнастикасында 179 ұпай жинап, әлемдік рейтингтің ең жоғарғы сатысына көтерілді. Олар маусым бойы сәтті өнер көрсетіп, көшбасшылықтарын дәлелдеді.
Спортшылар дуэті Әзербайжанның Баку қаласында басталған әлем біріншілігінде күміс жүлде иеленген болатын. Шілде айында Португалияның Коимбра қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде спортшылар төртінші орын алып, жүлдеден сәл ғана қалып қойған. Ал екі айдан соң Германияның Котбус қаласында өткен келесі кезеңде олар үздік нәтиже көрсетіп, чемпион атанды.
– Сайыс деңгейі өте жоғары болды. Онда Олимпиада чемпионы, белорусиялық Иван Литвинович сынды мықты спортшылар қатысты, – дейді Қазақстан құрамасының бас бапкері, Қарағанды облысының аға жаттықтырушысы Сергей Вертянкин.
Дегенмен, біздің командадағы ең жас спортшы Никита Тумаков тамаша өнер көрсетіп, қола медаль алды. Айта кету керек, ол іріктеу кезеңінде үздік нәтиже көрсеткен еді.
Бұл – Никитаның жеке секіруден халықаралық деңгейде бірінші жүлдесі. Сонымен қатар, тағы бір қарағандылық спортшы Ерлан Тасмағанбетов синхронды секіруде үшінші орын алып, тамаша нәтиже көрсетті.
Жамал АКПАРОВА