Қарағандылық спортшылар Ислам ынтымақтастығы ойындарында сегіз медаль жеңіп алды
Эр-Рияд қаласында (Сауд Арабиясы) Ислам ынтымақтастығының VI ойындары аяқталды. Биылғы дүбірлі додаға 57 елдің спортшылары қатысып, әртүрлі спорт түрлері бойынша бақ сынады. Ел құрамасы жарыс қорытындысында жалпы есепте 56 медаль иеленіп, үздік ондықтың қатарынан көрінді. Бұл медальдардың ішінде 8 жүлде қарағандылық спортшыларға тиесілі.

Жарыс барысында облыс атынан сынға түскен джиу-джитсудан Алматай Жігер қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, Ислам ойындарының чемпионы атанды. Карате спортынан өнер көрсеткен Никита Тарнакин де қарымын дәлелдеп, алтын медаль жеңіп алды. Үстел теннисінен командалық жарысқа қатысқан Алан Құрманғалиев құрамамен бірге топ жарды.
Ауыр атлетикада Любовь Ковальчук күміс медальдағы нәтиженің иесі атанса, Артем Антропов қолаға қол жеткізді. Сонымен қатар джиу-джитсудан Ажар Салықова күміс жүлде иеленіп, ел қоржынына үлес қосты.
Үшінші орыннан көрінгендердің қатарында әйелдер күресінен Эльмира Сыздықова мен гандболдан Қазақстан құрамасының сапында ойнаған Кира Немтырева бар.
Осылайша, облыс спортшылары Ислам ынтымақтастығы ойындарында ел намысын жоғары деңгейде қорғап, жарыс нәтижесіне елеулі үлес қосты.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



