Қарағандылық спортшылар Азия кубогында алтыннан алқа тақты
Түркияның Анкара қаласында тоғызқұмалақтан ересектер арасында Азия кубогы өткен болатын. Сол чемпионатқа әлемнің 10 мемлекетінен 100-ге жуық спортшы сынға түскен. Ұлттық құрама сапында облыс атынан өнер көрсеткен жерлесіміз Аңсаған Қожанәсіп пен Асылхан Қожанәсіп алтыннан алқа тақты.

– Аңсағанның қарсыластары осал болмады. Түркия, Бангладеш, Монғолия, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген кіл мықтылармен кездесті. Солардың ішіндегі ең бастысы қарсыласы – қызылордалық спортшы. Бұл кездесу тартысты әрі қиын өтті. Десе де, Аңсаған жеті кездесу өткізіп, жеті кездесуде де ұпай жоғалтпады, – деді тоғызқұмалақтан Қарағанды облысының аға жаттықтырушысы, Аңсаған мен Асылханның жеке жаттықтырушысы Сәуле Қаратай.
Ал, тоғызқұмалақтың блиц түрінен ерлер арасында сынға түскен Асылхан Қожанәсіп те жеті қарсыласын жеңіп, алтыннан алқа таққан. Жалпы, Асылхан – тоғызқұмалақтан Қазақстан зияткері. Былтыр ел, әлем чемпионатында топ жарған. Биыл Азия кубогында алғаш рет өнер көрсетіп, бұл чемпионаттың да үздігі атанды.

– Чемпионат шарты бойынша, жеребе тартылады. Кейін жеңген спортшылар бір-бірімен ойнаса, жеңілгендер өзара күш сынасты. Соңында кім көп ұпай еншілейді, сол чемпин атанады. Аңсаған мен Асылхан бұл жолы да үздік шықты. Асылханның басты қарсыласы – Өзбекстан мен Моңғолия спортшысы болды. Қазір екі елдің спортшыларының қарқыны күшті. Десе де, қателікке бой алдырмай, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Алдағы уақытта Румынияда әлем чемпионаты өтеді. Енді біз соған жолдама алуды көздеп отырмыз. Ақпан айында Павлодарда ел чемпионаты басталады. Содан кейін Қырғызстанда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Оған да жолдама алу үшін тер төгу керек. Көшпенділер ойындарына жолдама екі кезең арқылы беріледі. Қазіргі уақытта дайындығымыз жақсы, – деді Сәуле Салдарбекқызы.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



