Қарағандылық спортшы Азия чемпионатынан жүлдемен оралды
Садақ ату спортынан Шымкент қаласында өткен Азия чемпионатында қарағандылық Надежда Кефер чемпионаттың күміс жүлдегері атанды.
Аталмыш чемпионат 19-23 наурыз аралығында өтті. Оған Қазақстан спортшыларынан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан елінен 55 әйел қатысты. Олар «60 метр қашықтық» аталымы бойынша сынға түсті. Аталмыш чемпионатқа облыс атынан қатысқан 5 спортшының ішінен Надежда жүлдемен оралды.
Надежда Кефер – «Қайрат» облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің жаттықтырушы-ұстазы. Ол өткен жылы ел чемпионатында жеңіске жеткен. Енді спортшы Атырауда өтетін халықаралық турнирге және республикалық чемпионатқа дайындалмақ. Бүгінде 35 жастағы спортшы талай шәкірттерді баптаған. Шәкірттерінің алды республикалық, халықаралық дәрежедегі турнирлерден топ жарып жүр.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Оrtalyq.kz