Қазақстандық спортшылар Түркияда топ жарды
Түркия төрінде өткен WKF Karate1 Premier League турнирінде Қазақстан ұлттық құрамасы екі алтын медальды еншіледі. Әлемдік рейтингіде үздік деген 32 каратэшіден құралған кіл мықты арасында өткен дүбірлі додада ел үмітін ақтап, қоржынға алтын салғандардың сапында жерлесіміз Софья Берульцева да бар.

WKF Karate1 Premier League аясында өткен жалпыкомандалық есепте Мысыр құрамасы 2 алтын, 3 күміс және 1 қола медальмен бірінші орынды иеленсе, Түркия спортшылары өз жерінде 2 алтын және 2 күміс жүлдемен екінші орынға тұрақтады. Ал, ұлттық құрама болса екі бірдей алтын медаль жеңіп алып, үздік үштікті түйіндеді.

Софья Берульцева жасөспірімдер арасындағы жарыстардан бастап, бүгінгі таңда кәсіби спорт деңгейіне дейін көтерілген тәжірибелі каратэші. Стамбулда өткен Premier League турнирінде ол +68 келі салмақ дәрежесінде финалға шығып, шешуші жекпе-жекте Непал құрамасының спортшысы Арика Гурунгты айқын басымдылықпен жеңіп жықты. Бұған дейін де ол әлемдік және құрлықтық жарыстарда бірнеше мәрте жүлдегер атанып, Қазақстан каратэсінің көшбасшыларының бірі екенін дәлелдеген. Сонымен қатар, 55 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Бэлла Самашева де жоғары деңгейде өнер көрсетіп, алтынды жұптады.

Әлемнің ең мықты спортшылары бас қосқан байрақты бәсекеде жеңімпаздарымыз халықаралық аренадағы ел спортының әлеуеті жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдесе керек.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



