Қарағандылық “Шахтёр” жанкүйерлерін ашық форматтағы кездесуге шақырады
“Шахтёр” клубының баспасөз қызметінің мәліметінше, чемпионаттың басталуына бір айға жетер-жетпес уақыт қалды. Қазіргі уақытта команданың соңғы оқу-жаттығу жиыны Астана қаласында өтуде. 26 наурыз күні Қарағандыда клуб жаңа маусым алдындағы ойыншылар құрамын ресми түрде таныстырады. Кездесуге жанкүйерлер мен барлық ниет білдірушілер шақырылады.

Клубтың спорт директоры Арсен Іңкәрбеков бұл кездесу жанкүйерлер үшін қызықты болатынын айтты.
– Бұл өте қызықты кездесу болады. Жанкүйерлер команда ойыншыларымен жақынырақ танысып, ашық әрі еркін форматта әңгімелесе алады деп сенеміз. Команда алдына жоғары мақсаттар қойылып отыр, біз сол сенімді ақтауға тырысамыз. Бапкерлер штабы мен ойыншылар құрамы толық қалыптасты. Алдағы маусым оңай болмайтынын түсінеміз, өйткені командаға үлкен үміт артылып отыр. Дегенмен бәрі сәтті болады деп сенеміз, – деді ол.
Клубтың баспасөз қызметінің мәліметінше, «Шахтёр» жаңа чемпионатты сырт алаңдағы матчпен бастайды. 3 сәуір күні қарағандылық команда Алматы қаласында Қайрат-Жастар командасына қарсы ойнайды.
9 сәуірде қарағандылықтарды Қазақстан Кубогы аясындағы кездесу күтіп тұр. Бұл матчта олардың қарсыласы Оқжетпес клубы болады.
Ал біріншілік аясындағы алғашқы үй ойыны 17 сәуірге жоспарланған. Бұл күні «Шахтёр» өз алаңында Екібастұз командасын қабылдайды.
Жанкүйерлер жаңа маусымда команданың сәтті өнер көрсетуіне үміт артып отыр.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



