Қарағандылық сегіз жастағы спортшы әлем чемпионы атанды
Астанада каратэнің «фунакоши» түрінен Әлем чемпионаты өтті. Оған әлемнің сегіз елінен кіл мықтылар қатысып, өзара бақ сынасты. Осы бәсекеде сынға түскен сегіз жастағы жерлесіміз Данил Германович өз салмағында әлем чемпионы атанды.
Данил 35 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен. Ол жарыс жолында бес қарсыласпен жұдырықтасып, бесеуін де жеңген. Жас спортшының аталмыш спорт түрімен шұғылданып жүргеніне бір жарым жылдан енді асса да, қалалық, облыстық турнирлерден топ жарып жүр. Тіпті, республикалық турнирден үздік атанып, Әлем чемпионатына жолдама алған.
Данилдың әкесі ефрейтор Максим Германович Ұлттық ұлан Орталық өңірлік қолбасшылығының 6505 әскери бөлімінің маманы. Құқық қорғау әскерінде 2011 жылдан бастап қызмет атқарып келеді.
– Әрине әрбір әкеге ұлының жеңісі – маңызды. Жұбайым екеуіміз ұлымызға сенім артық, қашан да жанынан табылуға тырысамыз. Осы жолғы Әлем чемпионатына мен бара алмасам да жұбайым барып, ұлымызға қолдау білдірді, – деді жас спортшының әкесі.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz