Бас тақырыпБасты тақырыпСпорт

Қарағандылық «Сарыарқа» сырт алаңда көкшетаулық «Арланмен» кездесті

Хоккейден ел чемпионаты аясында қарағандылық «Сарыарқа» сырт алаңда ел чемпионы көкшетаулық «Арланмен» кездесті. Қос кездесудің нәтижесінде жерлестер 5:4 және 2:1 есебімен алаң иелерін жеңіп, маңызды ойынды өз пайдасына шешті.

Суреттер клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

«Арлан» – соңғы екі маусымдағы ел чемпионы. Әрі басты фавориттер. Жыл басынан бері қос команда сегіз мәрте кездесіп, оның екеуінде ғана жерлестер жеңіске жеткен. Бірақ, соған қарамастан, жерлестер екі ойында да қарсыластың осал тұсын тапты.

Бірінші кездесу тым қиынға түсті. Алғашқы айналымда-ақ алаң иелері төрт шайба салып, есепте алға шыққан болатын. Қарағандылықтар бұған тек бір ғана шайбамен жауап қайтара алды. Есеп – 1:4. Екінші айналымда қарсыластар керісінше таблодағы көрсеткішті өзгерте алмады. Бұл жолы жерлестер тағы бір шайба салып, есеп алшақтығын қысқартқан болатын.

Ойынның нағыз қызған тұсы – үшінші айналым. Алаң иелері қарағандылықтардан мұндайды күтпесе керек. Жерлестер шешуші айналымға үлкен күшпен оралды. Ойын басталысымен жерлестер тағы бір шайба салып, есепті 3:4-ке жеткізді.

Ойынның шешуші кезеңінде алаң иелері қонақтардың дүркін-дүркін жасаған шабуылынан қысымға тап болды. Осындай қысымнан шығу мақсатында алаң иелері шайбаны алдыңғы шепте жүрген шабуылшыға бағыттаған. Алайда, шайба шабуылшыға жетпей, жерлестердің алаңына өтіп кетті. Ал, бұл ойын ережесінің бұзылғаны. Яғни, уақыт ұту үшін, немесе қысымнан құтылу үшін шайбаны алысқа лақтырып жіберген жағдайда төреші шайбаны қақпа тұсынан қайта қосады. Ойын қарсылас қақпасының оң қапталындағы шағын шеңберден қайта басталған. Шайбаға талас кезінде алаң қожайындары сапынан ортаға шыққан Дмитрий Преснов шайбаны өзіне қалдырып, сол қапталда жүрген әріптесіне пасс асырады. Алайда, шайбаны орта жолдан «Сарыарқа» қорғаушысы қағып алып, Сергей Барбашевқа қалдырады. Ал, ол бір сәт кідірмей Радель Фазлеевқа пасс береді. Радельдің де күткені осы болса керек. Алдында тұрған қарсылас қорғаушысына мүмкіндік бермей қақпаға жойқын соққы жасайды. Осылайша, Радельдің жойқын соққысы таразы басын теңестірді. Есеп – 4:4.

Жерлестер осы қарқынымен араға жеті минут салып, жеңісті қолдан жұлып алды. Бұл жолы Эдуард Михайлов бесінші шайбаны салып, камбэк жасаудың шебері екендігін көрсетті.

Екінші ойынға алаң иелері тыңғылықты дайындықпен келген. Әсіресе, қорғанысқа қатты көңіл бөліпті. Соған қарамастан 10-шы минутта «Сарыарқа» есеп ашты. Бұл жолы көзге түскен – Данила Карабан. Екінші айналымда қақпаға шайба жібермедік. Дәл осы қарқынмен үшінші айналымды да тәмамдамақпыз. Алайда, алаң иелері 57-ші минутта қақпадан саңылау тауып, таразы басын теңестіріп кетті. Сөйтіп, ойын соңына дейін таблодағы есеп өзгермегендіктен, кездесу овертайм уақытына ұласты. Осы кезеңде шабуылшы Артем Лихотников шешуші шайба салып, командасына жеңіс сыйлады. Осылайша жерлестер басты фавориттердің бірін жеңіп, сырт алаңда ұпай еншілеп қайтты.

Қазіргі таңда жерлестер турнирлік кестеде 12 ұпаймен ІІ орында. ІІІ орында 12 ұпаймен «Құлагер» клубы өкшелеп келеді. Ал, көш басына бір ұпай айырмашылығымен «Торпедо» клубы шықты. Енді «Сарыарқа» 27 қыркүйекте елордалық «Nomad» клубымен клубымен кездеседі.

Ербол ЕРБОЛАТ

Ortalyq Qazaqstan

Басқа материалдар

Back to top button