Бас тақырыпСпорт

«Сарыарқа» ел чемпионатының кезекті турында тағы ұпай жоғалтты

Жерлестер өз алаңында өскемендік «Torpedo» клубын қабылдап, бірінші ойында 3:5 есебімен жеңіліп қалды. Ал, қарымта ойында алаң иелері 3:2 есебімен қарсыластардан айласын асырды.

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Жерлестер өскемендік клубпен былтыр жыл соңында кездесіп, дәл осындай нәтиже тіркеген еді. Яғни, бірінші кездесуінде жеңіске жетсе, қарымта ойында ұпай жоғалтқан. Осылайша қос команда турнир аясындағы соңғы екі ойында өзара ұпай бөлісіп келеді.

Бірінші кездесуде жерлестер қарсыластарына ойын тактикасын дұрыс таңдамаған сыңайлы. Олай дейтінім, ойын басталысымен шайбаға өскемендіктер иелік етіп, бірден шабуылға көшті. Салдарынан, ойынның небәрі 1-ші минутында есеп ашып үлгерді. Тіпті, араға екі минут салып есепті еселеп те кетті. Ал, жерлестер салынған қос шайбаға тек 8-ші минутта бір ғана шайбамен жауап қайтара алды. Есеп алшақтығын қысқартқан – Егор Смолянинов.

Екінші айналым басталысымен «Сарыарқа» сапынан Артем Лихотников қарсылас қақпасынан саңылау тауып, таразы басын теңестірген-тін. Бірақ, бұдан кейін қарсыластар қатарынан үш шайба салып, таблодағы көрсеткішті 2:5-ке жеткізді. Қатарынан салынған үш шайбаға жерлестер сапынан шабуылшы Радель Фазлеев тек бір шайбамен ғана жауап қайтара алды.

Қарымта ойында да «Torpedo» ойыншылары белсенділік танытып, бірінші болып есеп ашқан болатын. 17-ші минутта алаң иелері сапынан Сергей Барбашев ойынның алғашқы бөлігі аяқталар тұста таразы басын теңестіріп үлгерді. Одан кейін өскемендіктер екінші айналымда шабуылды үдетіп, 21-минутта тағы да  алға шықты. Ал, жерлестер сапынан Данила Карабан 42 және 59-шы минутта қарсылас қақпасынан саңылау тауып, командасына жеңіс сыйлайды.

Осылайша «Сарыарқа» турнир кестесінің көш басында тұрған елордалық «Nomad» клубынан бір ұпай айырмашылығымен екінші орынға тұрақтады. Қазіргі уақытта «Сарыарқа» еншісінде – 71 ұпай. Ал, елордалықтарда – 72 ұпай. Айта кетейік, елордалықтардың әлі ойналмаған үш ойыны бар. Одан кейінгі сатыда 64 ұпаймен көкшетаулық «Арлан» клубы үздік үштікті түйіндеп тұр.  

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button