Қарағандылық сарапшылар мен жас көшбасшылар жаңа Конституцияны қолдады
Сарапшылар мен жастар көшбасшылары «Әділетті әрі прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы» тақырыбында бас қосып, елдің болашағына тікелей әсер ететін Негізгі заң жобасын кеңінен талқылады. Жиынға Ермағанбет Бөлекпаев, Конституциялық комиссия мүшелері Нұркен Қобжанов пен Бекзат Алтынбеков, өңірлік сарапшылар мен белсенді жастар қатысты. Кездесуді «Qarmet» компаниясының басқарушы директоры Ербол Исмаилов жүргізді.

Өз сөзінде облыс әкімі жаңа Конституцияны қабылдау – жекелеген нормаларды түзету ғана емес, заманауи сын-қатерлер жағдайында мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған стратегиялық шешім екенін атап өтті.
– Бүкілхалықтық референдум – тарихи маңызы бар қадам. Бұл мемлекеттік басқарудың жаңартылған моделін қалыптастыруға жол ашады. Жаңа Конституция жеке тұлғаны қорғауды күшейтіп, заң үстемдігі қағидатын нақтылай түседі, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Әкім 2019 жылдан бері кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе жатқан саяси реформалар жаңа Конституция жобасының негізін қалағанын жеткізді. Сонымен қатар, ел болашағын қалыптастыруда жастардың рөлі айрықша екенін атап өтті.

Конституциялық комиссия мүшелері заң жобасын әзірлеу барысына тоқталды. Нұркен Қобжановтың айтуынша, комиссия құрамында 130-дан астам сарапшы жұмыс істеп, 12 ресми отырыс өткізілген. Алғашқы редакция талқылауға ұсынылғаннан кейін бір аптаның ішінде мыңдаған ұсыныс түскен.

– 10 мыңнан астам азаматтық пікір қарастырылды. Бұл – ашық диалог пен жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуының көрінісі, – деді ол.
Спикер Конституцияның 1 және 15-баптарында адам өмірі мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде бекітілгенін атап өтті. Сондай-ақ, білім беру, мемлекеттік басқаруға қатысу, құқықтық қорғау тетіктері күшейтілгенін айтты.
Бекзат Алтынбеков жаңа редакцияның мазмұндық жаңаруына тоқталды.
– Конституцияның 84 пайыздан астамы жаңарды. Сондықтан бұл – сапалық тұрғыдан жаңа құжат. Оның басты ерекшелігі – қарапайым азаматқа түсінікті тілде жазылуы, – деді ол.
Институционалдық және әлеуметтік өзгерістер
Жаңа Конституция жобасында билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік күшейтіледі, Президенттің партия мүшелігіне қатысты шектеулер енгізіледі, жақын туыстарының мемлекеттік қызметтегі лауазымдарына байланысты талаптар нақтыланады. Болашақта Конституцияға өзгерістер тек референдум арқылы енгізіледі.

Сонымен қатар, азаматтардың денсаулық сақтау, білім алу, әлеуметтік қорғау құқықтары нақты бекітіліп, Конституциялық сотқа тікелей жүгіну мүмкіндігі қарастырылған. Цифрлық қауіпсіздік пен жеке деректерді қорғау мәселелері де заң деңгейінде айқындалады.
Кездесу барысында жастар белсенділік танытты. «Талдау Қарағанды» өңірлік талдау мектебінің қатысушысы Асылжан Төлегенов экологиялық қағидаттарды конституциялық деңгейде бекітудің маңыздылығын атап өтті.

Ал, облыстық Жастар ісі жөніндегі кеңестің мүшесі Жанбота Елубаев зияткерлік меншікті қорғау мен жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту мәселесіне назар аударды.
«Ұлт қазына» жобасының менторы Салтанат Қайырбек конституциялық реформа адами капиталды дамытуға және креативті индустрияны қолдауға жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.
Кездесу барысында қатысушылар конституциялық реформалардың негізгі бағыттарын талқылап, өз ұсыныстарын білдірді. Сарапшылар мен жастар көшбасшылары жаңа Конституция жобасы әділетті, ашық және жауапты мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтіп, оны қабылдауды қолдайтындарын жеткізді.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



