Қарағандылық өрен республикалық байқауда топ жарды
Қарағандыдағы «Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиеленушісі Сергей Касьянов жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған «Қазақстан – менің алтын бесігім» республикалық фестивалінде Бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар, облыс атынан сынға түскен басқа да қатысушылар жүлделі орындарға ие болды.
Аталмыш байқау «Ризашылық – мейірімділік бұлағы» ұлттық мәдени-ағарту жобасы аясында өткізілген. Қатысушылар вокал, театр өнері және хореография бағытында сынға түсті. Вокал бағытында сынға түскен қарағандылық үш қатысушы «Жүрек жылуы» аталымында ерекшеленді. Ал, осы бағытта орта жас санатында қатысқан «Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиеленушісі Татьяна Касьянова ІІ орын иеленді. Жоғары жас санатында өнер көрсеткен «SOS Теміртау балалар ауылы» тобының мүшесі Ангелина Вострикова да күміс жүлдеге қол жеткізді.
– Біздің тәрбиеленушілер вокалдық номинацияға қатысты. Сергей фестивальде бірінші рет өнер көрсетті. Ал, Татьяна көптеген облыстық және қалалық байқаулардың лауреаты. Олар ән айтумен 2 жылдан бері айналысады. Жалпы, біздің орталықта 25 үйірме жұмыс істейді. Вокалдан басқа, балалар би, футбол, қазақша күрес, домбырада ойнау, фотография жасауды үйрену және тағы басқа үйірмелерде айналыса алады, – дейді «Таңшолпан» балалар үйі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Аян Кәрім.
Сондай-ақ, «Ризамын халқыма!» театралды бағытында өнер көрсеткен Осакаров ауданы, Пионер балалар үйінің тәрбиеленушісі Ирина Жарова «Жас орындаушы» номинациясын иеленді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Оrtalyq.kz