Жаңалықтар
Қарағандылық полицейлер жеңіспен оралды
Алматы қаласында самбодан өткен республикалық турнирде Қарағанды облысы полиция департаментінің алты бірдей қызметкері жүлделі орыннан көрінді. Бұл туралы Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жарысқа еліміздің әр аймағынан келген құқық қорғау органдары мен күш құрылымдарының қызметкерлері және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келген командалар қатысты. Қатысушылар самбо және жауынгерлік самбо күресінен 9 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты.
Жауынгерлік самбо бойынша СОБР қызметкерлері Тайбек Омаров (62 кг) пен Құдайберген Төлеубаев (100 кг) алтын медальға ие болды. Сондай-ақ, 90 келі салмақ дәрежесінде Бұқар-Жырау Мұстафин атындағы кентінің жедел уәкі Шыңғыс Ізмұханов күміс жүлдегер атанды.
100 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Санат Амантаев самбо күресі бойынша алтыннан алқа тағынды. Ал, СОБР взвод командирі Нұржан Халилин (100 кг) және СОБР инспекторы Айдын Дартаев (90 кг) күміс жүлдені иеленді.