Бас тақырыпБасты тақырып

Қарағандылық подполковник оқушыларға тәрбие сабағын өткізді

Жалпы білім беретін №19 мектепте Қарағанды облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары, подполковник Еркебұлан Мұстағұлов 7-11 сынып оқушыларына «Біртұтас ел – Біртұтас жер» тақырыбында тәрбие сабағын өткізді. Патриоттық іс-шара Қорғаныс министрлігінің тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Сабақ барысында подполковник оқушыларға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылуы мен дамуы, әскери қызметтің маңызы, Отан қорғаушылардың ерлік жолы туралы әңгіме өрбітті. Өз сөзінде ол қазіргі жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталып өтті.

   – Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел қорғаны. Біз Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов сынды батырлардың ерлігін мақтан тұтып, олардың жолын жалғастыратын өскелең буынды тәрбиелеуіміз керек. Қарулы Күштер – ел тәуелсіздігі мен тыныштығының кепілі. Сондықтан, әрбір жас буын Отан алдындағы борышын терең пайымдап, соған сай әрекет етуі қажет, – деді подполковник Еркебұлан Мұстағұлов.

Оқушылар әскери қызметкердің дәрісін ден қойып тыңдады. Өздерін қызықтырған сауалдарын қойды. Көбіне әскери мамандық, әскерге қабылдану тәртібі, әскери өмірдің қыр-сыры туралы білуге ықылас танытты. Подполковник оқушылардың белсенділігіне ризашылығын білдіріп, олардың білімге, тәртіпке құштарлығына қуанатынын атап өтті. Кездесу соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, ерекше әсермен тарқасты. Жас жеткіншектердің бірі болашақта әскер қатарына қосылып, елін қорғайтын азамат болуға ниетті екенін айтты.

   – Бүгінгі кездесуден кейін Отан қорғау зор жауапкершілік пен аса мәртебе екенін түсіндім. Батыр бабаларымыздың ерлігіне қарап, мен де болашақта сондай батыр болғым келеді. Әскери қызмет – менің арманым, – дейді, 9-сынып оқушысы Нұрдәулет Сейілбек.

Осындай дәрістер жас ұрпақтың бойында елге деген сүйіспеншілік пен патриоттық рухты нығайтып, олардың Отанға қызмет етуге ынтызарлығын арттырады.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button