Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері туралы айтылды

Қарағанды қаласының №104 мектеп-гимназиясында 9-11 сынып оқушылары үшін «Тәуелсіздіктің жетістігі» тақырыбында республикалық сынып сағаты ұйымдастырылды. Шара жастарды патриоттық тәрбиелеуге және оң дүниетанымды қалыптастыруға бағытталған.

Іс-шараның құрметті қонақтары «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова, кәсіпкер және меценат Ерлан Әшім, ҚР еңбек сіңірген қайраткері ақын Дидар Қами болды.

– Мені тарихшы көзқарасымен жастарға Отанымыздың тәуелсіздік жылдарындағы табыстары туралы айтып беру үшін сынып сағатына шақырды. Менің ойымша, еліміздің жетістіктері жетіп артылады. Кем дегенде, елде керемет мектептер салынып жатқанын алайық. 104-ші гимназияның өзі бұған дәлел. Балалардың мемлекеттік тілде оқуға мүмкіндігі бар. Білім беру саласында жаһандық өзгерістер болып жатыр. Жыл сайын педагог мәртебесі артып келеді. Ғылым мен технология дамып келеді. Мұның бәрі біздің егемендігіміздің көрсеткіші, – деп атап өтті Нұрсахан Бейсенбекова.

Спикер мектеп оқушыларын бейбітшілік пен бірлікті бағалай білуге, білімге ұмтылуға және қоғамның дамуына өз үлесін қосуға шақырды. Балалар да шетте қалмай, болашақ арман- жоспарларымен бөлісті.

– Мен «Жыл оқушысы – 2021» қалалық байқауының жүлдегерімін. Сондай-ақ, менің ұстаздарым мен мектбімнің арқасында қол жеткізген көптеген марапаттарым бар. Болашақта өз еліме пайдамды тигізгім келеді. Себебі қазір менде сапалы білім алу үшін барлық жағдай бар. Қазір біз үшін барлық есік ашық екенін бағалаймын, – деді №104 мектеп-гимназиясының 9 «А» сынып оқушысы Сымбат Аманкелдина.