Қарағандылық оқушы жарылғыш зат туралы жалған хабарлама таратқан
Қарағанды облысында құқық қорғау органдары Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-лицейде жарылғыш құрылғылар орнатылғаны туралы екі рет жалған ақпарат берген кәмелетке толмаған оқушыға қатысты қылмыстық іс қозғады.
Бұл оқиғалар 2 және 3 қыркүйекте орын алды. Өзін қала мектептерінің бірінің оқушысы ретінде таныстырған белгісіз адам төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне хабарласып, оқу орнындағы «жарылғыш зат» туралы айтқан.
Тексеру барысында ақпарат расталмады. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Қарағанды облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мектеп-лицейдің кәмелетке толмаған оқушысының «жалған терроризмге» қатысы бар екенін анықтады.
Ұсталған баланың айтуынша, ол сабаққа қатысқысы келмей, осындай қадамға барған. Оның ата-анасы тәрбиелеу бойынша міндеттемелерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz