Қарағандылық қоғам белсендісі Ләззат Қожахмет Мемлекет басшысының қолынан «Құрмет» орденін алды
Әріптестерінің айтуынша, бұл марапат ел дамуына, азаматтық қоғамды нығайтуға қосқан елеулі үлесінің нәтижесі. Ләззат Таймырқызы бұған дейін «Talbesik көпбалалы аналар одағы» қоғамдық бірлестігінің басшысы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшесі, сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай кеңесінің мүшесі ретінде қоғамдағы өзекті мәселелерді тұрақты түрде көтеріп келеді.

Марапатты алған сәтінен кейін Ләззат Қожахмет әлеуметтік желідегі парақшасында әсерлі жазба қалдырды:
– Ұлттық құрылтайдың жұмысы өз мәресіне жетті. Қимаймын. Парасатты, ақыл мен пайымды таразылауға үйреткен бұл алаң – Қазақстан тарихында алтын әріптермен қалары сөзсіз. Президенттің қолынан “Құрмет” орденін алдым. Бұдан үлкен марапат, абырой болуы мүмкін емес. Осы сенім үшін Мемлекет басшысына алғысым шексіз!, – деп жазды Ләззат Қожахмет.
Айта кетейік, қоғам белсендісі бұған дейін Ұлттық кеңестің өзі үшін үлкен мектеп екенін де атап өткен болатын. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы жер мәселесіне нақты нүкте қойып, «жер шетелдіктерге сатылмайды, үлеске берілмейді» деген ұстанымды айқын жеткізген.
– Президент жер дауына нүкте қойды. «Жер шетелдіктерге сатылмайды, үлеске берілмейді», деді. Қасым-Жомарт Кемелұлы баяндамасы барысында «Ұлттық кеңесте тұрғын үй мәселесін Ләззат Қожахметова көтерді» дегенді айтқанда, төбем көкке бір елі жетпей қалды. Ұлттық кеңес мен үшін – мектеп. Мұнда ешкімге бағына қоймайтын серкелер отыр, – деп жазған болатын қоғам белсендісі.



