Қарағандылық Ниетхан Төлеухан – самбодан әлем чемпионы
Қырғызстан астанасы Бішкекте ересектер арасында спорттық және жауынгерлік самбодан әлем чемпионаты өткен болатын. Байрақты бәсекеге ел атынан 28 спортшы сынға түсіп, екі алтын, екі күміс және сегіз қола жүлде қанжығалады. Ал, облыс атынан ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен бес балуан бір алтын және үш күміс еншілеп, ел абыройын асқақтатты. Сонымен қатар, жауынгерлік самбодан 71 келіде белдескен Ниетхан Төлеухан облыс тарихында алғашқы болып, алтын медаль иеленіп, есімін аймақтың спорт шежіресіне алтын әріппен жазды.

Чемпионатқа 74 елден 650-ден астам спортшы қатысқан. Байрақты бәсекеге облыстық «Олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің» спортшылары жоғары деңгейде өнер көрсетіп қайтты. Атап айтсақ, жауынгерлік самбодан Ниетхан Төлеухан әлем чемпионы атанса, спорттық самбодан Жандос Бейсенбаев, Мәдина Ержан, Маргарита Бажаеева сынды спортшылар қола жүлдені қанжығалады.
Ниетхан өз салмағында төрт елдің спортшысымен күш сынасқан. Қарсыластарының бәрі осал емес. Бірінші күнгі Армения елінің спортшысымен, екінші күні Еуропа чемпионатының жүлдегері француз балуанымен белдескен. Десе де, жерлесіміз екі қарсыласын да қылқындыру әдісімен жеңіпті. Ал, ширек финалда былтырғы Әлем чемпионы Қырғыз балуанымен кездесіп, грэпплинг әдісімен айласын асырған. Ақтық бәсекеде былтырғы Әлем чемпионы түрік балуанымен бақ таласқан. Нәтижесінде, жекпе-жек соңына дейін жалғасып, кездесу 1:0 есебімен қарағандылық жауынгердің пайдасына шешілген.
– Осы турнир Ниетхан үшін оңай болған жоқ. Қарсыластарының бәрі – кіл чемпиондар. Әр ұрыс алдында оған ақыл-кеңесімді айтып, әр қарсыласына қандай айла-тәсіл қолдану қажеттігін ескертіп отырдым. Бірінші белдесуде барынша ашылып, аянбай ұрысу керектігін айттым. Себебі, бірінші жекпе-жек қалай басталса, турнир соңына дейін сол қарқынмен жүріп өтесің. Осы сөзімнен кейін бірінші күні керемет өнер көрсетті. Дегенмен, ең тәжірибелі қарсыласы қырғыз балуаны болды. Бұрын-соңды түрлі турнирлерде ұшырасып жататынбыз. Өте епті әрі мықты балуан. Бірақ, осы жолғы чемпионаттың ширек финалына жарақатпен шыққан екен. Бұл жолы жеңіс біздің пайдамызға шешілді, – деді облыстық жауынгерлік самбо спортынан аға жаттықтырушы Қайрат Абдуллаев.
Ал, спорттық самбодан 80 келіде өнер көрсеткен Мәдина Ержан соңғы жұбаныш белдесуінде қарсыласынан айласын асырып, ел қоржынына кезекті қола жүлде салған спортшы. Жалпы, жерлесіміз – Азия чемпионы. Әрі әлем кубогінің қола жүлдегері. Өзі жарыс жолында төрт кездесу өткізіпті. Әуелі Нидерланды спортшысын тізе бүктірсе, артынша кубалық жауынгерді жеңген. Ал, үшінші белдесуде Беларуссия елінің өкілімен кездесіп, жеңіліп қалады. Дегенмен, жерлесімізге жұбаныш белдесуі беріліп, қырғыз елінің жауынгерімен күрескен белдесуде жеңіске жетіп, ел қоржынына қола жүлде салды.
– Бұл – менің екінші әлем чемпионатым. Былтыр елордада өткен әлем біріншілігінде өнер көрсеткенмін. Өкінішке қарай, бірінші белдесуден-ақ жеңіліп қалып едім. Сол кезде Беларуссия елінің спортшысынан жеңілген болатынмын. Осы жылы да үшінші жекпе-жекте дәл сол қарсыласыммен кездесіп, айламды асыра алмадым. Жұбаныш белдесуі мен үшін қиын жекпе-жектің бірі болды. Себебі, қырғыз қарсыласым әлем чемпионаты өз елінде өтіп жатқандықтан, жүлде үшін барын салды. Мен де чемпионаттан құр қол қайтпауым үшін күш-жігерімді сарп еттім. Жалпы, мені спортқа 10 жасымда әкем алып келген болатын. Дәл осы спортқа деген махаббатым сол кезден ашылды. Ендігі мақсатым – тағы да әлем чемпионатына қатысып, алтыннан алқа тағу, – деді Мәдина Ержан.
Айта кетейік, ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте ІІ орынға табан тіреді. Көш басына ресейлік балуандар шықса, үздік үштікті Қырғызстан спортшылары түйіндеді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



