Қарағандылық өнерпаздар түрік елінде өнер көрсетті
Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігіне қарасты симфониялық оркестр «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түркия елінде өнер көрсетіп келді. Ұжым опера және балеттің I халықаралық фестиваліне қатысып, бірнеше қаланы аралады. Бұл сапар облыс әкімдігі мен «TURKSOY» халықаралық ұйымының қолдауымен өтті, – деп хабарлады kaztrk.kz
Халықаралық фестиваль барысында оркестр қазақстандық сазгерлермен қатар, шетелдік композиторлардың туындыларын орындады. Бұған қоса, еліміздің мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген өнер жанашыры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова «TURKSOY» халықаралық ұйымының арнайы сыйлығы «Алтын медальмен» марапатталды.
– Он күннің ішінде шаралар үлкен деңгейде өтті. Түрік елінің көрермендері келіп «сіздердің тілдеріңіз бізге жақын екен», – деді. Соған көңіліміз көтеріліп жүрді, – деді Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің басшысы Талғат Ыдырысов “Қазақстан” арнасының тілшісіне берген сұхбатында.