Бас тақырыпБасты тақырып

Қарағандылық мыңдаған отбасы көгілдір отынға қосылды

Қарағанды облысында газдандыру жұмыстары жалғасуда. Қарағанды мен Теміртауда газ таратушы желілер 9 589 жеке тұрғын үйге жеткізіліп, оның 5 417-і жүйеге қосылды. 

Облыс әкімдігінің сайты

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, тек Қарағанды қаласының өзінде 6 мыңнан астам, ал Теміртауда 3,5 мыңға жуық үйге газ желілері тартылған. Бүгінде 5 мыңнан астам абонент жүйеге қосылды. Газға қосу жұмыстары ТКШ жаңғырту орталығы арқылы жүргізілуде. Қарағанды қаласында 16 іске қосу кешені қарастырылған.

– Қазір 4-ші кешен бойынша жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Биыл Фёдоровка мен Үлкен Михайловка станциясын толық аяқтаймыз. 5-ші кешенде мердігердің ескертулерді жою жұмыстары жүріп жатыр. Ал 6-шы кешен – «Таугүл» және «Күнгей» шағын аудандарына қатысты жоба – түзетіліп, мемлекеттік сараптамада қаралуда, – деді қала әкімінің орынбасары Қайрат Қамзин.

Теміртауда газдандыру сегіз іске қосу кешені арқылы жүргізілуде. Қаланың басым бөлігі газға қосылған, әзірге «Отрадный» ықшам ауданы, 9А, АБВ кварталдары және нан зауыты маңы қамтылмаған. Қала әкімдігінің мәліметінше, қыркүйек айының басына дейін жұмыстарды аяқтау көзделген.  

Шахтинскіде газдандыру 2023 жылы басталды: 18 км-ден астам жоғары қысымды газ құбыры жүргізіліп, газ тарату станциясы салынды. Жалпы ұзындығы 229 км-ден асатын желіні төсеу жоспарланып, 1 434 үйді қосу қарастырылған. Биыл Солтүстік-Батыс кентін газдандыру аяқталады, қала ішінде кварталараралық желілер төселіп жатыр. 

Газдандыру ауылдық елді мекендерді де қамтиды: Ақсу-Аюлы, Еркіндік, Өспен, Сәкен Сейфуллин ауылдары мен Ақтау және Мұстафин кенттерін газбен қамту жобалары оң қорытынды алып, 16 мыңнан астам тұрғынды қамтуға мүмкіндік береді.

– Ең алдымен тұрғын үйлерді газ желісіне қосу жұмыстарын жандандыру қажет. Газдандыру бойынша барлық жобалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауымыз керек, – деді өңір басшысы.

Жиын қорытындысында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тұрғын үйлерді жүйеге қосу қарқынын арттыруды және барлық жобалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. 

Жамал АКПАРОВА

Басқа материалдар

Back to top button